Бұл туралы Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы хабарлады
Бас прокуратураның ақпараттық жүйесінен қазақстандықтар туралы жеке мәліметтер бірнеше ай бойы желіге тарап жатыр. Бұл туралы Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығының Facebook парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Орталық берген мәлімет бойынша, ашық дереккөздерге Қазақстанда әкімшілік құқықбұзушылық жасаған қазақстандықтар мен шетелдіктер туралы мәліметтер тараған.
«Бас прокуратураның ақпараттық жүйесіндегі ақпарат бірнеше ай бойы ашық дереккөздерге тарап жатыр. Біз жіберген ақпаратқа орган ешқандай жауап қайтарған жоқ. Басшылықтарына бұл туралы баяндап та жатқан шығар, бірақ шын мәнінде ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Сонымен қатар мәліметтерді коммерциялық немесе басқа да мақсатта жинап, үшінші тарапқа беру фактілері де бар», - деп жазылған орталық хабарламасында.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, айыппұлқ, ескерту, мекенжай, заңбұзушық фотолары, телефон нөмірі, автокөліктің техпаспорт мәліметтері мен нөмірі, жылжымайтын мүлік иелері туралы мәліметтер, шекарадан өту барысында жасалған құқықбұзушылықтар туралы және басқа да мәліметтер тараған. Сонымен қатар орталық хабарламасында жүйедегі мәліметтерді өзгертуге, өшіруге немесе жалған мәлімет енгізуге болатыны айтылған.