«Биыл да үйде тоңып отырамыз ба?». Риддер тұрғындары коммуналдық қызметтің жұмысына шағымданды
Жылу электр орталығы қысқы маусымға дайындалу үшін бюджеттік мекемелерден алдын ала аванс ретінде 90 миллион теңге жылу ақысын жинағанымен мәселе шешілмеген
Риддерде үй жылымайды. Тұрғындар бұл қыста да қалтырап отырамыз ба деп уайымдайды. Жылдағы жағдай осы, жұрт айтудан да шаршаған. Бұл туралы Azattyq Ruhy Хабар24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Риддерде үй жылымайды. Тұрғындар бұл қыста да қалтырап отырамыз ба деп уайымдайды. Жылдағы жағдай осы, жұрт айтудан да шаршаған. Бұл туралы Azattyq Ruhy Хабар24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жылу электр орталығы да қаусап тұр. Құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған.
Риддерліктер жылдағыдай биыл да қысқа барынша қамдануға кіріскен. Роман Палийчук үйіндегі батареялардың барлығын ауыстырып шығыпты. Қосымша электр бойлерін де алып қойған. Өйткені тозығы жетіп тұрған қаладағы жылу қазандығының қуаты шамалы екенін біледі.
«Балаларды жуындыру үшін алдымен су ысытып аламыз.Өйткені құбырдан тек суық су ағып тұр. Екі айда бір рет қана ыстық су беріледі,болмаса ол да жоқ», - дейді Риддер қаласының тұрғыны Роман Палийчук.
Ал коммуналдық қызмет өкілдері бұл мәселеге жылу электр орталығының қатысы жоқ деп отыр. Бірақ орталықтағы жағдайдың ушығып тұрғаны жасырын емес. Бұл кәсіпорынды қысқы маусымға дайындау үшін , қаладағы бюджеттік мекемелерден алдын ала аванс ретінде 90 миллион теңге жылу ақысы алынды. Алайда осыдан мәселе шешілсе қайсы. Тозып кеткен желілер қысымды көтермейді. Сондықтан ендігі бар үміт жаңадан қосылатын 4 шақырымдық жылу желісінде ғана.
«Ықшам аудандарға баратын жылу желісінің тармақтары қатты қысымды көтере алмайды,Ескіріп кеткен. Енді 3 тармақ қосылады, жылу электр орталығының қуаты жетеді»,- деді Риддер қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Көккөзов.
Айта кету керек, осы 4 шақырымдық жаңа жылу желісіне бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінеді.Желі жаңа мектепке, сонымен қатар 6 мыңға жуық тұрғын қоныстануы тиіс ықшам ауданға жылу тарататын болады. Жалпы облыс бойынша барлық жылу қазандықтарының қоймасы көмірге толы екен.
«Мамыр және қыркүйек айларының ішінде былтырғымен салыстырғанда 70 мың тонна көмір артығымен әкелінді. Яғни біз ерте бастадық, ең біріншіден, бюджеттік мекемелерге тасуға тырыстық. Биыл көмір бойынша ешқандай ажиотаж болған жоқ», - деді ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Осылайша қазір 423 мың тонна көмір жиналып тұр екен. Яғни бұл салаға мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалуда. Сондықтан Риддер тұрғындары қаладағы жылу электр орталығы сапалы қызмет көрсетуге көбірек көңіл бөлсе деген пікірде.