Қашан 20 млн боламыз: Қазақстан халқының саны 160 мың адамға көбейді

Автор: Azattyq Rýhy

2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізге тұрғылықты тұруға келген 9 595 адам тіркелген

Фото: vlast.kz

Қазақстан халқының саны қыркүйек айында 19666,8 мың адамға жетті. Яғни, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда халық саны 163,7 мың адамға немесе 0,8%-ға өсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қалалықтар саны 12131,1 мыңға (61,7%), ауылдықтар саны 7535,7 мың (38,3%) адамға жеткен.

Республика халқының табиғи өсімі 2022 жылғы қаңтар-тамызда 2021 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда (178,9 мың адам) 3,6%-ға төмендеп, 172,4 мың адамды құраған. 1000 тұрғынға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 13,19 адамды құраған.

«АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілерінінің жазбаларындағы мәліметтерге сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 263,8 мың сәби дүниеге келді, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 11%-ға аз (296,5 мың адам). 1000 адамға шаққандағы жалпы туу коэфициенті 20,19 туылғандарды құрады», - делінген бюро хабарламасында.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандардың саны – 91,4 мың, бұл 2021 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 22,3%-ға аз (2021 ж. – 117,6 мың адам). Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7 қайтыс болғандарды құрады.

«2022 жылғы қаңтар-тамызда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 2208 нәресте тіркелді және 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2 345 шетінеген нәресте) көрсеткіш 5,8%-ға кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,37 оқиғаны құрады», - делінген хабарламада.

Халықтың көші-қоны

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізге тұрғылықты тұруға келген 9 595 адам тіркелген, ал елімізден 18 275 адам кетіп, көші-қон айырымы 8 680 адам болған.

Көші-қонның негізгі алмасуы ТМД мемлекеттерінің арасында болып отыр. ТМД елдеріне кеткендер мен сол жақтан келгендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 85,1% және 84,4% құрайды.

«Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2,1%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде: Алматы (24 711 адам), Астана (22 960 адам) және Шымкент (2 154 адам) қалаларында байқалды», - делінген хабарламада.