Петропавлда жүрекке тіліксіз ота жасалды
Болашақта мұндай әдіс кардиологиялық орталықтың күнделікті тәжірибесіне енгізілмек
![Петропавлда жүрекке тіліксіз ота жасалды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2022/10/13/6347fbdc21502765016212.jpg)
СҚО көпсалалы ауруханасының кардиологиялық орталығында Швейцария, Германиядан келген профессорлардың қатысуымен жергілікті кардиохирургтар жүрек ақауы бар үш науқасқа тіліксіз ота жасады. Болашақта мұндай әдіс кардиологиялық орталықтың күнделікті тәжірибесіне енгізілмек. Бұған дейін науқастар транскатетерлі қолқа қақпақшасын имплантациялау бойынша ота жасату үшін Алматы және Астана қалаларына баруға мәжбүр болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ОТА НАРКОЗСЫЗ ЖАСАЛАДЫ
Сырқатқа отаны кардиологиялық орталықтың дәрігерлері жасады. Ал оларға кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісу үшін Швейцария, Германиядан профессорлар келді. Шетелдік мамандар отаның өту барысын бақылауда ұстайды. Бұл - олардың өңірге екінші сапары. Петропавлға келмес бұрын шетелдіктер Астанада, Оралда болып, қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау отасына қатысты.
«Ақпан айында біз үш сәтті ота жасап, қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантацияладық. Бүгін басқа үш сырқатқа осындай ота жасаймыз. Бұл науқастар осындай TAVI - қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау операциясын жасауға болатын статистикалық орта жасқа жатады, яғни 70-75 жаста. Неліктен отаның бұл түріне басымдық берілген, өйткені ол жабық түрде, кеуде қуысын ашпастан, наркоз берілмей жасалады. Нәтижесінде сырқат ашық отаға қарағанда өте тез қалпына келіп, аяғына тұрады. Жергілікті дәрігерлер жақсы тәжірибе жинақтап, осындай отаны өздігінен жасау үшін біздің қатысуымызбен жылына 10-15 операция жасалуы тиіс. Қажетті дағды қалыптасқаннан кейін ғана олар шетелдік мамандардың қашықтан бақылауымен, кеңес беруімен ота жасайтын болады», - дейді профессор Кейс Олдройд.
ПРОТЕЗ РЕТІНДЕ МАЛДЫҢ ЖҮРЕК ҚАБЫ ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау - бұл аз инвазивті, жоғары технологиялық хирургия. Бұрын қолқа стенозы бар егде жастағы сырқаттар қажетті отаны Астана және Алматы орталықтарына барып жасататын. Ал жергілікті кардиологиялық орталықта қара малдың жүрек қабы протез ретінде алынып отыр. Ол ыңғайлы орналасады, оңай жеткізіледі, бұл оны қолдануға өте тиімді етеді. Өңір үшін бұл отаның маңызы зор, өйткені сырқаттар саны жылдан-жылға артып келеді. Мұндай эндоваскулярлы, аз жарақатты технологияларға қажеттілік артпаса, кемімейді. Жалпы бұл технологияның әлемде қолданылып жатқанына 10 жыл.
«Бұл - бірегей ота. Жасы 70-тен асқан сырқаттарға жасының ұлғаюына, созылмалы ауруларға байланысты ашық ота жасауға болмайды. Шетелдік мамандар келмес бұрын біз сырқаттарды іріктеп алдық, бір ай бойы оларды дайындадық. Түрлі тексерулер жүргізіп, шақ келетін қақпақша таңдап, шетелден тапсырыспен алғыздық. Ота аз жарақатты болғандықтан екінші күні сырқаттар өздігінен жүре алады, тіпті үйлеріне де жіберілуі мүмкін. Ерекшелігі де сол, олар үйреншікті істерімен айналыса алады. Ақпан айында үш сырқатқа ота жасалды, олардың бәрінің жағдайы жақсы. Бүгінгі шеберлік сағатынан да сондай жақсы нәтиже күтеміз. Қазіргі өмір сүру салтына байланысты, көп отырып, аз қимылдаудың салдарынан 50 жастан кейін стенозға алып келетін жүрек аурулары пайда болады. Сондықтан да отаның бұл түріне сұраныс бар. Қазір біздің дәрігерлер шетелдік мамандардың көмегімен осындай 10 имплант қойғаннан кейін алдағы жылы өздері бұл отаны еш қиындықсыз жасайды деп үміттенеміз. Бұл бір мақсатты бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жоқ, бұл облыстық кардиологиялық орталықта еңбек етіп жатқан кардио-интервент дәрігерлердің жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылысы, біліктіліктерін жетілдіріп, кем дегенде Алматы, Астана деңгейіне жетті», - дейді облыстық көпсалалы ауруханасының бас директоры Сәкен Әмрин.
ОТА ҚҰНЫ 6 МЛН ТЕҢГЕ ТҰРАДЫ
Маманның айтуынша, елімізде кардиологиялық қызмет жақсы дамып келеді. Қазақстан бойынша осындай 500 шақты қолқа қақпақшасы қойылған. Бұл – жоғары технологиялық операция, біреуі 5-6 млн теңге тұрады. Сырқаттарға ол мінетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.
«Біздің кардиологиялық орталықта жоғары технологиялық оталар бірнеше жылдан бері жасалып келеді. Кезінде коронография, стенттеу, аорта-коронарлық шунттау – жүрек, қолқаға шунт қоюды үйрендік. Қазір жүрекке кардиостимулятор қоямыз, жүрекке радиожиілік абляция жасаймыз. Биыл Швейцария, Германия профессорларымен сөйлесіп, келісімшартқа отырып, қолқа стенозы кезінде қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау әдісін үйреніп жатырмыз. Бұл еліміздің бірнеше қаласында жасалады. Біз де олардан қалып жатқан жоқпыз, өз жұмысымызға енгіземіз», - дейді Солтүстік Қазақстан көпсалалы ауруханасы кардиологиялық орталық директоры Азамат Мағзұмов.