Алматы облысында абақты аумағына есірткі лақтырған ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: duis_alm_jet_obl/ instagram

Алматы облысының №57 мекемесіне есірткі лақтырған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №57 қауіпсіздігі жоғары мекемесінде есірткі затын аумаққа лақтыру фактісіі орын алды.

Мекеменің іргелес аумағында, скотчпен оралған 3 түйіншекті тыйым салынған аумаққа лақтыру кезінде ер адам ұсталды. Түйіншектің ішінен 700 дана қара-жасыл түсті дәрі тектес және жасыл түсті шөп тектес есірткі заттары анықталып, тәркіленді.

«Аталған факті бойынша Қапшағай қаласының полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды. Ұсталған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу іс амалдары басталды»,- деді  Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 1-бөлігінде есірткі заттарын заңсыз жібергені немесе өткізгені үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.