Ұлттық статистика бюросы еліміздегі ересек халықтың темекі тұтынуы бойынша зерттеу жүргізді
Қазақстанда темекі өнімдерін тұтынатындардың ең көп үлесі Қарағанды, Павлодар және Жамбыл облыстарында тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ересек халықтың темекі тұтынуы бойынша үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 20,4% темекі тартады (темекі тартпайтындар - 79,6%), барлық ер адамның 38,4%, (темекі тартпайтындар - 61,6%), ал әйелдердің 8,4% темекі өнімдерін тұтынады (темекі тартпайтындар – 91,6%).
Темекіні тарту жиілігі бойынша халықтың бөлінісі келесідей: респонденттердің 16,6% темекіні күн сайын тартады, анда-санда тартатындар – 3,8%. Үйлерінде темекі түтінінің әсеріне ұшырайтын респонденттердің үлесі – 12,8%, жұмыста – 8,1%, қоғамдық тамақтану орындарында – 10,5%, олардың басым көпшілігі (93% астамы) темекі тартпайтын адамдар.
Өңірлер арасында темекі өнімдерін тұтынатындардың ең көп үлесі Қарағанды (25,4%), Павлодар және Жамбыл облыстарында (24,6%) тіркелді.
Темекі тарту ауыр ауруларды тудырады деп санайтын респонденттердің үлесі 85,5% құрайды. Қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салу туралы заңнаманың қолданылуын қолдайтындар – 67,7%.
2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы темекі тартатын респонденттердің үлесі 18-28 жас және 60(63) жас және одан жоғары жас топтарында өсті, қалған жас топтарында төмендеді.