Қырғыздардың Қытай алдындағы қарызы ЖІӨ-нің 30 пайызына жеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Орта Азия елдерінің Қытайға қанша қарызы бар?

Қырғыз Республикасының Қытайға қарызы шарықтау шегіне жетті. Мемлекеттің көрші елге қарызы жалпы ішкі өнімінің 30 пайызына тең. Оның алдындағы тізімде Джибути, Мальдив, Конго және Тонги сияқты елдер тұр. Бұл туралы деректер Әлемдік Экономика Инситутының маусым айындағы есептік жиынында келтірілген.

Ресми деректер бойынша, Қырғыз елінің Қытайға берешегі 1,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 10 млн АҚШ долларынан аспаған, деп жазады Коммерсантъ  басылымы. Бейжің қырғыз экономикасына, соның ішінде энергетика саласына инвестиция салып отыр. Бішкектің орталық жылу электростансасын жаңғырту үшін TBEA Қытай компаниясы 386 млн АҚШ долларын жұмсап жатыр. «Датқа», «Кемін» мен Электр тарату желілерін ауыстыру үшін 400 млн АҚШ доллары тартылған. Ал Қара-Балтадағы жылына 800 мың тонна мұнай өңдейтін зауытты жөндеуден өткізу үшін Қытай инвесторлары 250 млн доллар бөліп отыр. Одан тыс аспан асты елінің қаражатымен алтын кен орындарын игеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі қазір 2 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 1,9 млрд доллары Қытайдың қырғыз еліне жасайтын экспортына тең. Шығыстағы көршісі елдің жолдарын жөндеуге, археологиялық қазба жұмыстарына, тіпті қырғыз әскерін дамытуға 2017 жылы 14 млн доллар қаражат жұмсаған. Сондай-ақ қытай қаражатының көмегімен Бішкекте бірнеше жоғары оқу орындары ашылған. "Жаңа жібек жолы" деген атаумен қытай тілін үйрететін қырғыз-қытай университеті белсенді жұмыс істеп тұр. Ал Қара-Балта қаласында қытайдың Солтүстік-Батыс университетінің филиалы студенттер оқытып жатыр.

Ресми деректер бойынша, 2018 жылы Қырғыз Республикасына 35 мың қытай азаматы келген. Ал, бейресми ақпараттар бойынша, бұл көрсеткіш одан бірнеше есе көп. Биыл бұл елде Қытайға қарсы түрлі митингтер мен баскөтерулер өтіп, ондаған адам түрмеге жабылды. 

Дерек үшін:

  • Қазақстан-Қытай арасындағы сауда айналымы 2008 жылы 12 млрд АҚШ долларына жеткен. Тәуелсіздік алған жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 80 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған. Қазақстанның бұл ел алдындағы ресми қарызы 12 млрд АҚШ доллары.  
  • Өзбекстанда да мыңдаған кәсіпорын қытай инвестициясымен жұмыс істеп жатыр. 2018 жылдың көрсеткішіне қарағанда, Қытай-Өзбекстан арасындағы сауда айналым көлемі 6,4 млрд АҚШ доларына жеткен. Бұл елге Қытай инвесторлары 8 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсаған. Биыл жыл басынан бері қытай-өзбек инвестициялық қорына 1 млрд. доллар қаражат түскен
  • Тәжікстан Қытайдан 1,2 млрд АҚШ долларын қарызға алған. Бұл - елдегі сыртқы қарыздың тең жартысы. Тәжік үкіметі Қытайға 2011 жылы қарыздың орнына жерінің  0,8 пайызын беруге мәжбүр болған. Ол шамамен 1 мың шаршы километр.
  • Түркменстан мен Қытай арасындағы сауда саттық көлемі 2018 жылы 8,4 млрд долларына дейін жеткен. Ол бір жылда 22 пайызға артқан. Елдің табиғи газының 90 пайызы Қытайға экспортталады. Бейжің 2009 жылдан бері бұл елден 250 млрд кубметр газды тұтынған. Қазір елде Галкыныш газ кен орнын зерттеу үшін қытай инвесторлары қомақты қаражат жұмсап жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы