Қырғызстан басшылығы неліктен елде ҰҚШҰ оқу-жаттығулары өткізілмегенін түсіндірді

Автор: Мира Байбек

ҰҚШҰ оқу-жаттығулары Қырғызстанда 10-14 қаза аралығында өтуі тиіс болатын

©kaktus.media

Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов өз елінің неліктен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының оқу-жаттығуларынан бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап.

Эдиль Байсаловтың айтуынша, қырғыз елі жуырда ғана Тәжікстанмен болған қақтығысқа байланысты ол елдің армиясының ҰҚШҰ-ның алдағы «Мызғымас бауырластық – 2022» оқу-жаттығуларына қатысуын құптамайды.

«Біз ҰҚШҰ-ға мүше болған бауырлас елдердің біріміз. Бұл ұйымға, оның мандатына, миссиясына, жарғысына қатысты ешқандай қиындықтар жоқ. Алайда соңғы оқиғаларға байланысты әлі де көңіліміз сабасына түсе қойған жоқ», - деп атап өтті Қырғызстан Министрлер кабинеті басшысының орынбасары.

Ол «көрші тәжіктермен» арада болған әскери қақтығыстардың әсеріне тоқталды.

«Қырғызстан қоғамы дәл қазір тәжік көршілеріміздің қарулы әскерінің ҰҚШҰ жаттығулары бойынша елімізде жүргенін құптамайтыны анық», - деді Э. Байсалов.

Айта кетсек, ҰҚШҰ оқу-жаттығулары Қырғызстанда 10-14 қаза аралығында өтуі тиіс болатын. Алайда оқу-жаттығулардың басталуына бірнеше күн қалғанда Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігі аталған іс-шараның тоқтатылғанын хабарлады. Ешқандай ресми себеп айтылмаса да, Қырғызстан үкіметі шекарадағы соңғы қақтығысқа байланысты тәжік әскерилерін оқу-жаттығуларға қатыстырмауды талап еткені хабарланды.

«Бізге тек қазақтар, орыстар, беларустар келсін, олар (Тәжікстан – ред. ескерт.) келмесін деп айту қисынсыз болғандықтан, іс-шараны болдырмау туралы шешім қабылданды және ол шешім бойынша ҰҚШҰ-ның барлық астанасында түсіністік танытылды. Дегенмен біздің бұл шешіміміз дұрыс қабылданбай, басқаша тәпсірленіп жатқанына алаңдаймыз», - деді Эдиль Байсалов.

Еске салайық, қазан айының басында ҰҚШҰ оқу-жаттығулары Қазақстанның Алматы және Жамбыл облыстарында өткен болатын. Алайда Арменияның әскерилері ол жаттығуларға қатыспады. Арменияның Қорғаныс министрлігі елдің Әзербайжанмен шекаралас аймағындағы жағдайға байланысты өз әскерін жібермейтінін мәлімдеді.

ҰҚШҰ-ға Ресей, Қазақстан, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан және Беларусь елдері кіреді.