«Тарақан мен шаш араласқан тағам»: Астанада жекеменшік мектептен шу шықты
Ал асханаға жауаптылар өзіне шаң жуытпай отыр
Тарақан мен шаш араласқан тағам. Астанада жекеменшік мектеп оқушыларының ата-анасы осылай деп шағым айтып отыр. Ай сайын 60 мың теңге төлесе де, балалары үйге аш келеді екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Мектеп басшылығынан асханаға жауаптыларды ауыстыруды сұрағанмен, әзірге нәтиже жоқ. Бұл мекенжайды жеткізу қызметінің жұмысшылары жаттап алған. Себебі, күн сайын мектепке тамақ әкеледі. Иә, білім ордасында асхана жоқ емес, бар. Тіпті ата-аналар баласының бүйірі шығып ас ішуіне ай сайын 60 мың төлейді екен. "Бірақ төленген қаражатқа қызмет сай емес. Тіпті тамақтан тарақан тапқан кез де болды", - дейді олар.
«Менің балаларым үнемі үйге шағымданып келеді. Асхананың тамағы өте дәмсіз әрі үнемі бірдей тамақтар әзірлейді – тек макарон мен қарақұмық. Бірнеше рет ішіп отырған асынан шаш тауып алған кез де болды. Соңғы рет ата-аналар тобына тамақтан тарақан табылған фотосурет те жіберді. Бәрін айт та, бірін айт, мұндай жағдайда тамақтанған балалар ұшынып, алды ауруханаға түскен», - дейді ата-аналардың бірі Ирина Сюрикли.
Дәрігерлер де көп созбай, перзентінің астан уланғанын бірден айтыпты.
Ата-аналардың айтуынша, асхана басшылығы тамақ ішерде «телефондарыңды ұстамаңдар, асты суретке түсірмеңдер» деп талап қояды екен. Бірақ зәрезап болған оқушылар олқылықты фотоға басып алыпты. Шошып қалған балалар ашықса да, үйге дейін шыдағанымыз жақсы дейді.
«Қарным қатты ашса да, шыдап, үйде бірақ тамақтанғаным жақсы. Себебі, бұл жақтың тағамы өте дәмсіз, суық күйінде береді. Бір рет менің сыныптасымның жеп отырған бауырсағынан шаш шықты. Мысалы, менің балық жегім келмейді. Себебі, құсқым келеді. Бірақ асханадағыларға оны айтқанымда, «дәрігерден қағаз алып кел» деп қайтарып жіберді», - дейді Астана қаласы халықаралық мектебінің оқушысы Дамир Қадырханов.
Азаматтар бірнеше мәрте тамақ істейтін компанияны ауыстыруды сұрағанмен, олар атауын ауыстырып, жұмысын түк болмағандай жалғастыра береді екен. Сондықтан мектеп басшылығымен ауыз жаласқан болуы мүмкін деп күдіктенеді ата-аналар. Ал асханаға жауаптылар өзіне шаң жуытпай отыр. Күн сайын үш адам тамақтың дәмін татып қарайды дейді.
«Тарақан көремін десеңіздер, әрине, біреулерің азаннан кешке шейін, түнімен отырып қараңыздар. Бір тарақан жүрсе, айтыңыздар. Суреттер де өтірік. Біз ондай тоқаш берген емеспіз», - дейді «Диара ЛТД» компаниясының директоры Хадиша Асабаева.
Компанияның заңгері де: "бұл бізді көре алмайтындардың әдейі қолдан ұйымдастырғаны"- деп отыр. Айтуынша, жұмыс орны да, жұмысшылар да тап-таза. Бірақ даулы асхананың ішін көру мүмкін болмады.
«Белгілі бір азаматтар мұнда өз адамдарын әкелу үшін бәрін қолдан ұйымдастырып отыр деп ойлаймыз. Сондықтан жала жаппас бұрын дәлелдерді түгендеп алған жөн болар. Егер ата-аналар құзырлы органдарға біздің үстімізден шағымданса, біз де өз құқығымызды қорғауға дайынбыз. Азаматтар біздің үстімізден арызданып жатқанда, біз балаларды тамақтандырып, өз жұмымызды жалғастырып жатырмыз», - деді «Диара ЛТД» компаниясының заңгері Бақтияр Маяхметов.
Шу шыққан мектептің директоры еңбек демалысында екен. Орнындағы орынбасары наразы топпен мәмілеге келуге тырысып көріп еді, онысынан түк шықпады. Енді тек мәселенің ақ-қарасын тексеру қызметі анықтайды.
«Ата-аналардың шағымын ескеріп, санитария-эпидемиология станциясының мамандарына өтініш бердік. Олар асхананы толық тексереді. Содан кейін қаулы шығарады. Жауапты мекемелерден жауап алғаннан кейін ғана бір шешім шығарып, сіздерге хабарлауға дайынбыз», - деді Астана қаласы халықаралық мектебі директорының міндетін атқарушы Ғабит Қуанышұлы.
Санитар мамандардың жауабы шыққанға дейін оқушылар әлі де жеткізу қызметімен тапсырыс беріп тамақтануға мәжбүр. Айтпақшы, асхана басшылығын ауыстыруға асықпаған мектеп маңдайшасындағы жазуды да өзгерте қоймапты.