Жамбыл облысында жоғалған әйел бес күннен кейін елсіз даладан ауыр жағдайда табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады

polisia.kz

Жамбыл облысы Сарысу ауданының полиция бөліміне Саудакент ауылының тұрғыны жүгініп, 37 жастағы қарындасының жоғалып кеткенін айтқан. Әйел үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, жақындарымен байланысқа шықпаған. Ол 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жамбыл облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Хабарламадан соң Сарысу аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы шұғыл түрде дабыл бойынша көтеріліп, жоғалған әйелді іздеуге жұмылдырылды.

Іздеу жұмысына волонтерлер мен жергілікті тұрғындар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері де қосылды.

Іздеу шаралары Сарысу ауданының елдімекендерінде ғана емес, шекара маңындағы ауылдардың аумағында да жүргізілді.

Көшелер, үйлер, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен жертөлелер, жолдың бойы да тексерілді.

Жоғалған әйел 5 күннен кейін жазық далада ауыр жағдайда табылды.

Есін білгенмен, суық пен аштықтан әбден қажып, әлі құрыған. Сол жерде оған медициналық көмек көрсетілді.