Мемлекет басшысы Былқылдақ көлінің проблемасына баса назар аударды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы тұрғындарымен кездесуі барысында өңірдің экология мәселесіне айрықша назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өнеркәсіптің дамуы қоршаған ортаға міндетті түрде ауыртпалық түсіреді. Еліміздегі атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтардың үштен бірі – жыл сайын шамамен 700 мың тоннасы Павлодар облысына тиесілі. Күнделікті еңбегі бүкіл еліміздің өнеркәсіптік өркендеуінің негізінде жатқан облыс тұрғындарын туған өлкесінің қоршаған ортасының жай-күйі қатты толғандырады», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экологиялық жағдай азаматтардың өмір сүру сапасының ең маңызды көрсеткіші болып саналатынына тоқталды.
«Сондықтан өнеркәсіптік әлеуетті нығайту мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу ниетін мәлімдеген», - деді Қ. Тоқаев.
Ол сонымен қатар, Былқылдақ көлінің проблемасына баса назар аударды.
«Бұл көлдің түбінде өнеркәсіптік сынаптың көп мөлшері шоғырланған. Қазіргі уақытта су қоймасы аумағының ластануын оқшаулау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сынаптың жерасты суларына түсу ықтималдығын тағы бір рет бағалап, мамандармен бірге бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын анықтау қажет деп есептеймін», - деді Президент.
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Павлодар облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша 2020-2024 жылдарға арналған Кешенді іс-шаралар жоспары қабылданған болатын. Құжат жұртшылық пен экологтардың қатысуымен әзірленген болатын.
«Осы жерде мен павлодарлық экологиялық қозғалыстың жанашырлығы мен ерекше белсенділігін атап өткім келеді. Сіздер қоршаған ортаны сақтауға және тұрақты даму құндылықтарын қалыптастыруға зор үлес қосып жатырсыздар», - деді ол.