«Соғыстан қашқандарға пана болдық»: Мәжіліс депутаты халықты алаңдататын мәселені атады
Бүгінде елімізде 350 000 мың Ресей азаматы тұрақты түрде тұрып жатыр

«Ақ жол» фракциясы депутаттарының Премьер-министрге жолдаған сауалын Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Қазақстан қай заманда да қысым көріп, өз елінен қашып, босқын болуға мәжбүр болған талай халықты өз басындағы қиыншылықтарға қарамастан, құшақ жая қарсы алып, аман алып қалғанына тарих куә. Қазақстан Республикасы өркениетті ел ретінде, Ресей шекарасынан елімізге бас сауғалап, соғыстан қашқан Ресей азаматтарына, міне, тағы да пана болды», - деді Мәжіліс депутаты.
Берік Дүйсенбинов Ішкі істер министрлігінің кешегі ақпаратына сүйене отырып, Ресейден 200 мың адам келгенін, ал 140 мың адамның елімізден шыққанын атап өтті.
«Ал 30-қыркүйекте «Forbes» журналында жарияланған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 350 000 мың Ресей азаматы тұрақты тұрып жатыр. Өткен аптадағы көшіп келушілердің басым көпшілігі Астана мен Алматыға, шекаралас облыс орталықтарына орналасып жатыр. Онсыз да ішкі миграцияның салдарынан тұрғындарының саны күрт өскен үлкен қалаларымызға инфраструктуралық және әлеуметтік-экономикалық қысым артып отыр. Негізінен, әскер жасындағы ресейлік азаматтардың біздің елімізге жаппай қоныс аударуы бүгінгі посткеңестік ушыққан геосаяси жағдайда халқымызды қатты алаңдатып отыр», - деді ол.
Депутат атап өткендей, еліміздің басты байлығы – ол Тәуелсіздігіміз, жер тұтастығы, елдің амандығы мен халқымыздың бейбіт өмірі.
«Әртүрлі себептермен біздің елімізге қоныс аударуға мәжбүр болған шетел азаматтарының арасынан бүгін Қазақстан өндірісіне қажет техникалық, IT саласының мамандары өз орындарын тауып, ел экономикасына пайдасын тигізіп, бір кірпіш болып қаланса, оған біз бизнес партиясы ретінде түсіністікпен қараймыз. Алайда олар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті. Сондай-ақ, миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішін арандатушылардың іс- әрекеттеріне де тосқауыл қойылуы тиіс», - деді Берік Дүйсенбинов.
Мәжіліс депутатының айтуынша, қазірдің өзінде еліміздің кейбір аймақтарында арандату оқиғалары бой көрсетіп жатыр.
«Қылмыстық істер қозғап, арандатушылардың алдын шұғыл алып жатқан құзырлы органдарға ризашылығымызды білдіреміз.
Осы орайда Қазақстанда қанша Ресей азаматы бар екенін нақтылап, жауап беруіңізді сұраймыз. Иә, соңғы кездері қоғамда шекараны жабу туралы ұсыныстар жиі айтылып жатыр. Ең алдымен, мұндай шешімге баруға мемлекетіміздің халықаралық келісімдері кедергі. Сонымен қатар, біз қолына қару ұстаудан бас тартқан ресейліктерді қабылдай отырып, соғысқа қатысушылардың санын азайтып, осы арқылы еліміз бейбітшілік үшін үлес қосты деп есептейміз. Бұл миграциялық дағдарыс әрі қарай әрқилы дамуы мүмкін. Осы орайда, ұлттық мүддемізге қауіп төнетін болса, біздің мемлекеттік органдар қабылданатын тиісті шаралардың бірнеше нұсқасын алдын-ала әзірлеп, кез-келген жағдайға дайын болуы керек деп санаймыз», - деді Мәжіліс депутаты Премьер-министрге жолдаған сауалында.