Қазақстанда мектеп тапшылығы қашан шешіледі?

Автор: Еркежан Айтказина

2025 жылға қарай орын тапшылығы миллионға жетуі мүмкін

Қазақстанда оқушы орындарының тапшылығы 260 мыңнан асады. Егер мектеп құрылысы белсенді жүргізілмесе, 2025 жылға қарай орын тапшылығы миллионға жетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оқушы орнының ең көп тапшылығы Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарында, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында байқалып отыр.

Белгілі болғандай, Маңғыстау облысында 3 мыңға жуық оқушыға мектеп жетіспейді. Облыс бойынша 18 мектепте үш ауысыммен 5 105 бала оқиды. Мәселені шешу үшін мерзімі төртжылдық өңірлік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, елде 7 569 мектеп бар. Оның 147 үш ауысымды, 33-і апатты жағдайдағы мектеп. Қалалық жерлерде 2 мыңнан астам мектеп болса, ауылдық жерлердегі мектеп саны 5 мыңнан асады. 2021 жылы 40 апатты және 3 ауысымды мектептер проблемасы шешілді. 2022 жылы 35 мектептің проблемасы шешіледі деп жоспарланып отыр. Апатты және үш ауысымды мектеп саны Алматы облысында - 56, Батыс Қазақстан облысында – 10, Атырау облысында – 10.

МЕКТЕПТЕРГЕ ҚОСЫМША 1 МЛН ОРЫН ҚАЖЕТ

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында: «Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін 1 мың жаңа мектеп салынады. Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп 4 тетік пайдаланылады. Атап айтсақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу тетігі», - деген еді.

БИЫЛ 230-ға ЖУЫҚ ОРТА БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 800 мың баланы заманауи мектепте жағдай жасау туралы тапсырмасына сәйкес Министрлік «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын әзірледі. Бұл жобаның мақсаты апатты және үш ауысымды мектеп проблемасын шешу, заманауи талапқа жауап беретін 800 мың жаңа оқушы орнын құру арқылы тапшылықты жою.

«Жоба бойынша барлық мектептер құрылысында бірыңғай стандарт қолданылады, онда мысалға жабдықтау шығындары кем дегенде 20% болады. Спорт залдарын жеке блоктарда орналастыру көзделіп, олар мектепалды және 1-4-сыныптар үшін және 5-11-сыныптар үшін бөлек болады. Оған қоса, мектеп аумағы жылжымалы ойындарға арналған алаңдармен толық жабдықталады. Өз кезегінде, қазіргі таңда спортық залдар саны мектептің сыйымдылығына қарамастан біреуден аспайды. 200-ден 2500 оқушы орнын қамтитын мектептерді жобалауға бірыңғай тапсырмалар әзірленді, яғни қалалық және ауылдық елді мекендегі мектептерге қойылатын талаптар бірдей болады», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Былтыр 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу туралы іс-шаралар жоспары қабылданған болатын. Соның шеңберінде 2021 жылы рекордтық 277 мектеп салынды. Биыл 230-ға жуық орта білім беру мекемесін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫНА ДЕМОГРАФИЯ МЕН МИГРАЦИЯ БАСТЫ СЕБЕП

Елдегі мектеп тапшылығының туындауына алдымен демографиялық өсім мен миграциялық өзгеріс әсер етіп отыр. Ұлттық статистика комитетінің дерегі бойынша 10 жыл ішінде табиғи өсім көрсеткіші, яғни нәрестелердің дүниеге келуі 2 миллионға өскен. Салдарынан Түркістан облысында мектеп тапшылығын шешу үшін 200-ге жуық жаңа оқу орнын салу керек. Шымкентте 900 балаға арналған мектепте 4 000-ға жуық оқушы оқиды.

Мектептегі орын тапшылығы мегаполистерде аса өзекті. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында мектеп жетіспейді. Яғни, мұны жаппай урбанизация процесі, халықтың мегаполистерге шоғырлануының салдары деуге толық негіз бар.

Әлеуметтанушы Батжан Ақмолдинаның айтуынша, ірі қалаларда әлеуметтік нысандар салуды тұрғын санының өсу қарқынына, демографиялық көрсеткішке негіздеу қажет.

«Оның ішінде мектепке баратын оқушылардан бөлек, балабақша жасындағыларды бөлек анықтау керек. Егер ірі мегаполисте бір микроаудан қарқынды дами бастаса, яғни әкімдік тұрғын үй салуға жер бөліп, инженерлік коммуникация тартылған кезде әлеуметтік нысандар салуды бірден жоспарлау қажет. Қазір халық көп шоғырланған қалаларда керісінше, тұрғын үйлерді көптен салып алып, кейін сол жердің тұрғындары баласын апаратын мектеп таба алмай жүреді. Осыдан келіп мектепте сыныптардың асыра толуы, оқушы орындарының жетіспеуі, екі-үш ауысыммен оқу мәселесі туындайды», - дейді әлеуметтанушы.

Оның сөзінше, құрылыс компанияларына тұрғын үй саларда әлеуметтік нысандарды қосымша салуды міндеттеу сол маңдағы пәтер бағасын көтеріп жіберуі мүмкін.

«Мектеп пен балабақша мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылуы керек. Өйткені, барлығына қолжетімді болады. Бірақ бірден жобалар бекітілгенде бас жоспар бойынша әлеуметтік нысандар жоспарлануы тиіс. Бұл мәселенің қосымша шешімі ретінде қашықтықта оқыту формасын сапалы деңгейде дамыту керек деп есептеймін. Өйткені бірден қаншама оқу орындарын салсақ та, демографиялық миграциялық өсу қарқынына жете алмаймыз. Елімізде соңғы уақытта жылына 350-400 мың бала туды. Бұны кемінде ірі 10 жаңа мектептің контингенті деп қарастыруға болады. Статистикалық мәліметтен оңтүстік және батыс аймақта (Астана мен Алматы қалаларында) қарқынды өсу байқалады. Әсіресе, Астана халқының орташа жасы 30 шамасында. Нағыз туу процесі қарқынды болатын жастар осы қалада», - дейді Батжан Ақмолдина.

АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ОҚУШЫ САНЫ 4,3 МЛН-ҒА ЖЕТЕДІ

Батжан Ақмолдина айтқандай, халық санына анализ жасаудың қолданыстағы әдісі қалыптасқан. Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, үш ауысымды мектептің жоғары үлесінің сақталу себептерін анықтау және болжамды контингентті ескере отырып, 2026 жылға дейін оқушы орындарының тапшылығын одан әрі есептеу үшін экстраполяция әдісі қолданылды.

«Бұл әдіс өткен кезеңдерде байқалған үрдістер мен болжамды динамиканы ескере отырып болашақ көрсеткіштерді анықтауға негізделген. Осылайша, контингенттің жыл сайынғы өсімінің болжамы негізінде 2026 жылы білім алушылар саны 4,3 млн оқушыны құрайды. Атап айтсақ, 2022 жылы – 3,6 млн, 2023 жылы – 3,8 млн, 2024 жылы – 4 млн және 2025 жылы 4,3 млн балаға жетеді. Бала туу, урбанизация, өңірішілік және өңіраралық көші-қон, сондай-ақ 1950 жылға дейін салынған мектеп ғимараттарының тозуы көрсеткіштерін ескере отырып, 2026 жылға дейін оқушы орындарының болжамды тапшылығы 1 117,9 мың болады», - дейді оқу-ағарту вице-министрі.

Оның айтуынша, 300-ден 1200-ге дейін орын саны бар типтік мектеп құрылысына мемлекет 7,6 млрд теңгеге дейін жұмсайды. Соның ішінде, мектепті жабдықтармен жарақтандыру сметалық құнының шамамен 4-10 пайызын ғана құрайды. Яғни, 500 млн теңгеге дейін жұмсалады.

Нәтижесінде, мектеп тапсырылған соң оны қажетті пәндік кабинеттермен, компьютерлік сыныптармен, оқу зертханаларымен, шеберханалармен жарақтандыру үшін қосымша 1 млрд теңге қажет болады.

Елімізде оқушылардың орта білімді сапалы, жоғары деңгейде алуы үшін мектептегі орын тапшылығы мәселесі бірінші кезекте шешілуі тиіс. Тіпті Мемлекет басшысының өзі енді жемқорлардан тәркіленген ақшаның мектеп салуға жұмсалуы тиіс екенін айтқан болатын. Осы уақытқа дейін оқу орнын салуға қазынадан аз қаражат жұмсалған жоқ. Мәселе тек мектептің санында ғана емес, оның қаншалықты сапалы болуында. Күні кеше ондаған млн қаражатқа салынған мектептің жел соқса шатыры ұшып, қабырғасы қирап жатқанын талай көрдік. Мектеп салуды басты мақсат еткен ұлттық жобаларда бұған дейінгі қателіктер ескеріледі деген сенімдеміз.