Ақтөбеде студенттер ағылып келіп жатқан ресейліктер үшін пәтерінен қуылған

Автор: Azattyq Rýhy

Қаладағы оқу орындары студенттердің баспанасыз қалмайтынын айтып сендірді

Коллаж: Azattyq Ruhy

Ақтөбеге шетелдіктердің көптеп келуіне байланысты кей пәтер иелері төлем қабілеті төмен жергілікті тұрғындарды баспанасыз қалдырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 «Диапазон» басылымының жазуынша, университеттер мен колледждер студенттердің міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етілетінін мәлімдеген.

«Ақтөбе қаласы мен облыстағы колледждерде 10 552 студент білім алуда. Қазір колледждердің 3 796 орындық 29 жатақханасында 1 970 студент тұрады. Егер қандай да бір себептермен студенттер баспанасыз қалса, олар өз колледждеріне хабарласа алады. Ақтөбеде студенттер жатақханаларында 1060 бос орын бар. Пәтер жалдап тұратын колледж студенттерін ешкім қуған жоқ», – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Қ. Жұбанов атындағы университет жалдамалы пәтерлерден қуылған 32 студенттен өтініш түскенін, оның 30-ына көмек көрсетілгенін айтты.

«Екі студент қала шетінде тұратындықтан, көмектен бас тартты. Егер университетімізде оқитын студент жалдаған пәтерінен қуылған болса, онда 8 74 331 7197, 8 701 661 84 78 телефондары арқылы хабарласа алады», - деді оқу орнының әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Әделбек Бертілеуов.