Астанада гүл сататын дүңгіршекке қарақшылық шабуыл жасалды
25 жастағы қала тұрғыны сатушыны пышақпен қорқытып, кассадан ақшаны алып кеткен
Астанада гүл сататын дүңгіршекке қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жәбірленушінің айтуынша, сағат 23.40-та дүңгіршекке ер адам кіріп, «ақшаны әкел» деп сатушыға пышақ көрсеткен. Сонан соң, үстелден кілттерді алып есікті құлыптап, жарықты сөндірген. Осы уақытта әйел дабыл түймесін басып үлгереді. Ер адам оны иығынан пышақпен ұрып, 20 мыңнан астам ақшаны алып, ізін суытқан.
«Күдіктіні ұстауға дереу полицияның жеке құрамы бағытталды. Белгілері бойынша қылмыскердің фотосы жасалды. Полиция қызметкерлері қылмыс орнының периметрі бойынша орнатылған бейнекамералар арқылы күдіктіні анықтап, қолға түсірді», деп көрсетті Астана қаласы Полиция департаментінен.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.