Қазнет сегменттеріне соңғы күндері кибершабуыл жиіледі
Елімізде бірнеше күннен бері интернет байлынысындағы ақауды мемлекеттік техникалық қызмет осылай түсіндірді. Компания өкілдері шетелдік хакерлер мемлекеттік органдар жұмыс істейтін жүйеге де қауіп төндіргенін айтады. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Олар бұл жағдайды әлемде болып жатқан оқиғалармен байланыстырады.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ы интернеттің қазақстандық сегментіне бірнеше күннен бері кибершабуыл жалғасып жатқанын хабарлайды. Мақсатты кибершабуылдар елдің мемлекеттік органдарына да, Қазнет инфрақұрылымына да бағытталған. Кибершабуылдар салдарынан интернетке қосылуда кідіріс болды. Ұзақ мерзімді кибершабуылдар елде және әлемде болып жатқан қоғамдық оқиғалармен байланысты деп болжаймыз», - деді «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ.
Интернеттің баяу жұмыс істеуінен бүгін Алматы әуежайынан бірнеше таңғы рейс бір жарым сағатқа кешікті. Әуе компаниясының хабарлауынша, жүйе істен шығып, қызметкерлер жолаушыларды тіркеу жұмысын қолмен жүргізген.
Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде мобильді интернеттің нашарлағаны туралы шағым да көбейген. Еліміздегі байланыс операторлары бұл жағдай тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде байқалатынын жеткізді. Ал мемлекеттік техникалық қызмет ақпарат қауіпсіздігіне қатысты мәселеге тап болған азаматтардан тегін 1400 нөміріне хабарлауды сұрайды.