Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы мәлімдеді
Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат жеткіліксіз. Салдарынан Денсаулық сақтау министрлігінің кредиторлық берешегі 79,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Батырбек Әбділдин «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы бюджеті 2034 млрд теңге. Оның ішінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінген қаражат 853 млрд теңге. Былтыр қор қаражатының 406 млрд теңгесіне 11,3 млн адам емделді. Қаржыландыру тапшылығы - 60 млрд теңгені құрады. Медициналық сақтандыру жүйесінде 2021-2022 жылдары шығын көлемі 192 млрд теңге болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің кредиторлық берешегі 79,6 млрд теңге, оның ішінде жалақы төлеуге 6,3 млрд теңге (8%), дәрі-дәрмекке және медициналық бұйымдарға - 47 млрд теңге, СК-Фармацияға 22,2 млрд теңге (28%) жұмсалған», -деді Батырбек Әбділдин.
Мәжіліс депутаты Гүлдар Нұрымованың айтуынша, елімізде медицина саласын қаржыландыру аса күрделі мәселеге айналып отыр.
«Өңірлерді аралаған кезде медициналық ұйымдарға қаражаттың жеткіліксіз екенін көреміз. Барлық емханалар мен ауруханаларда мамандарды жаппай қысқарту жүріп жатыр. Тіпті, кейбір ұйымдар дәрігерлердің айлығын төлей алмайтын деңгейге жетті. Министрліктің жұмысы тексеріс жүргізу үшін облыстарға мониторингтік топтарды жіберумен ғана шектеліп отыр. Олар әуел баста қандай тапсырма берілді соны орындауға ғана мән береді. Олардың міндеті бас дәрілерлерді дұрыс жұмыс жүргізе алмайтынын дәлелдеу ғана. Қаражатты тиімді пайдаланбайтын дәрігерлердің барын біз де жақсы білеміз. Бірақ барлығына топырақ шашуға болмайды. Біздегі медициналық ұйымдар қаражатының 90 пайызы жалақы төлеуге бағытталады. Қазір емханадар қарапайым шприц сатып ала алмай отыр. Коммуналдық төлемдер және өзге де шығындардың артуына байланысы медициналық ұйымдардағы кредиторлық берешек артуда», - дейді Мәжіліс депутаты.
Кеңеске қатысушылар көтерілген мәселені «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық Жол картасының денсаулық сақтау саласы бойынша іс-шаралары негізінде шешуді талқылады.