Алматыда 5 күннің ішінде 3 мыңға жуық шетелдік азамат ЖСН алды
Алматыға келген ресейліктердің ағымы артты
21 қыркүйектен бастап Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан бастап Алматыға келген ресейліктердің ағымы артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік мекемесінің Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Абдурасул Құлдашов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биыл 1 қаңтар мен 26 қыркүйек аралығында 81 156 қызмет көрсетілді. Оның ішінде «Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру» бойынша 74 698 қызмет көрсетілді. Ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ҚР-да уақытша тұруға рұқсат беру» бойынша – 6 458 қызмет көрсетілді», - деп хабарлады Абдурасул Құлдашов.
Ал қыркүйектің 21-26 аралығында ЖСН алу үшін 2 851 адам жүгінген. Айта кетсек, ресейліктер Қазақстанда ЖСН-ді резидент еместер ретінде рәсімдеуде.
«Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін 474 қызмет алушы жүгінген.
Екі қызметтің де дайындалу уақыты 1 жұмыс күнін құрайды.
Айта кетейік, елімізге Ресей Федерациясынан келушілердің қатары күрт артуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев әкімдік пен оған қарасты мекемелердің жұмысына қатысты арнайы жоспар бекітті.