Енді Ақтөбедегі перзентханада шала туған шақалақтардың көзіне ота жасау мүмкіндігі бар
Орталықта іске қосылған жаңа технология мен арнайы оқытудан өткен мамандардың арқасында жылына кем дегенде 30 ота жасалады
Бірер күн бұрын Ақтөбедегі Облыстық перинаталдық орталығында 2 шала туған балаға ретинопатия бойынша ота жасалынған. Бір шақалақтың салмағы 560 грамм болса, екеншісі 680 грамм салмақпен дүниеге келген. Дәрігерлер сәбилердің қазіргі жағдайы тұрақты, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтіп жатыр дейді. Орталықта іске қосылған жаңа технология мен арнайы оқытудан өткен мамандардың арқасында жылына кем дегенде 30 ота жасалады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Перинаталды орталықта ота «ретинопатия» диагнозы анықталған балаларға жасалады. Мұндай дерт шала туған сәбилердің шамамен 8 пайызында анықталып жатады екен.
«Еліміздің Денсаулық сақтау министрінің «Скринингті ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес балалар арасында жүргізілетін аудиологиялық, офтальмологиялық, неонатологиялық және психофизиологиялық скринингтер жүргізіледі. Офтальмологиялық скрининг бойынша, осы уақыт аралығында Ақтөбе облысында туған нәрестелер саны- 13 318. Оның ішінде шала туған, яғни салмағы 2500 келіден төмені - 638 (4,8%). Барлығы да дер кезінде скринингпен қамтылған. Скриниг өткізілуі кезінде «ретинопатия» диагнозы анықталған балалар саны – 36. Бұл айы-күні толмай дүниеге келген балалардың 7,7%-ы. Перинаталды орталықта 22-23 қыркүйек күні дене салмағы 500 граммнан асқан екі шақалаққа сәтті ота жасалды. Сәбилер дүниеге келе салысымен ота жасалынбайды. Олардың дене салмағы, жалпы даму деңгейі қатаң бақылауда болады. Шамамен 2-3 ай өткен соң лазерлік операция жасалынады. Қазір қос баланың жағдайы жақсы»,-дейді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.
Ретинопатия - көздің ішкі қабығының, торлы қабықтың зақымдануы. Ретинопатияның негізгі себебі мембранадағы қан айналымының бұзылуына әкелетін тамырдың бұзылуы. Ол жүйелік аурулардың фонында болады. Соның ішінде жүрек-тамыр жүйесі, артериялық гипертензия, қант диабеті және қанның тұтқырлығының жоғарылауы маңызды рөл атқарады.
Ауру көбінесе көру функциясының біржола жоғалуына әкеледі. Шала туған нәрестелердің ретинопатиясының даму мүмкіндігі бала туған кездегі дене салмағы, тыныс алу, қан айналымы және жүйке жүйелерінде ауыр өзгерістердің болуымен тікелей байланысты.
Бала ретинопатия диагнозына тек шала туғаны үшін ғана шалдығуы мүмкін деген пікір жаңсақ дейді дәрігерлер. Өйткені, бұл ауру анасының құрсағына біткен балаға тікелей сыртқы фактордан да әсер етуі ықтимал. Мәселен, жүкті әйел инфекциялық, вирустық ауру жұқтырса да, баланың көз жанарына әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер ең дұрысы келіншектерге балалы болуды жоспарлау қажет екенін ескертеді.
Орталық мамандары бұған дейін жыл сайын Ақтөбе облысынан 30 шақты шақалақтың көзіне ота жасау қажет деп Алматы мен Астана қалаларына жолдама беріп келген.
«Әрбір ата-ана үшін өзге өңірге барып, баласына ота жасату шығын ғой. Орталыққа қойылған құрылғымен жұмыс істейтін білікті мамандарды арнайы оқуға жібердік. Олар білімдерін шыңдап, қазір операция жасауға кірісіп кетті. Балалар жылы аясында Облыстық перинаталдық орталығына «Аяла»республикалық қорының арқасында құны 70 миллион теңгені құрайтын жаңа туған нәрестелерде ретинопатияны және көз торының ажырауын лазерлік түзету үшін «Vitra 810» аппараты сатып алынды. Шала туған нәрестелер ретинопатиясын ерте анықтау мәселелері бойынша 2 офтальмолог-ретинолог дәрігер мамандары Ресейдің Сант-Петербург қаласындағы С.Н.Федеров атындағы «Микрохирургия глаза» Ұлттық медициналық зерттеу орталығында «көз ауруларының лазерлік емдеу әдісі» бойынша оқытылды»,-деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.
Айта кету керек, былтыр желтоқсанда 18 төсектік жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі және 40 төсектік шала туған нәрестелерді күтудің екі бөлімшесі бар 190 төсектік жаңа Облыстық перинаталдық орталығы ашылған. Сондай-ақ, неонатальды хирургия бөлімі сәбилерге туғаннан кейін бірден балалар бөліміне тасымалданбай операция жасауға мүмкіндік беріп отыр.