$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлдағы қонақүйлер мен жалдамалы пәтерлердің тең жарысын ресейліктер жалға алған

Қонақүйлердің құны 20 пайызға қымбаттады

Петропавлдағы қонақүйлер мен жалдамалы пәтерлердің тең жарысын ресейліктер жалға алған

Петропавл қаласында жалға берілетін пәтерлер мен қонақ үйлерде бос орын жоқ. Ресми мәліметке сәйкес, баспананы уақытша жалға алу бағасы 20 пайызға көтерілген. Ал салық органдарында тіркелмей жалға беріліп жатқан нысандар бақыланбайды. Сондықтан жылжымайтын мүлік нарығындағы баға қаншалықты құбылғанын дөп басып айту қиын. «Крыша» жарнамалар сайтында 1 бөлмелі пәтердің тәуліктік бағасы 10 мыңнан бастап, 40-50 мың теңгеге аралығында белгіленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

ҚОНАҚҮЙЛЕРДІҢ ҚҰНЫ 20 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ

Рустан Сәкенов – жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры. Өз тәжірибесінде Петропавлдағы пәтерлерге бұрын-соңды мұндай сұраныс болмағанын айтады. Ақпараттық базада пайда болып жатқан баспаналардың барлығы әп-сәтте жоқ болады. Жаңадан келіп жатқан тұтынушылардың басым бөлігі ресейлік азаматтар. 

«Мүмкіндігінше тұтынушылардың барлығын орналастыруға тырысып жатырмыз. Бірақ бос үйлер жоқ. 2 тегін пәтер бөліп қойдық. Оны мүлде барар жері жоқтар паналайды. Ол бәріне жетпейтіні түсінікті. Бір бөлмеде 10 адамнан жатыр. Көбі басқа жаққа кететіндер. Бағаны көтерген жоқпыз. 1 бөлмені тәулігіне 10 мыңға, екі бөлмелі пәтерді 15 мыңға жалдауға болады», – дейді Рустан.  

Петропавлда 24 қонақ үй бар. Ешқайсысында бос орын жоқ. Күзде босап қалатын демалыс орындары да адамдарға лық толы. Кейбірі бағасын шарықтатып жіберген. 

«Петропавлда атель, демалыс орталығы сынды басқа да орындарды қосқанда 2 мыңға жуық адамды сыйғызатын 38 нысан бар. Оған 850 орынға шақталған 24 қонақ үйді қосыңыз. Жағдайды күнде бақылап отырмыз. Барлық орындар 100 пайызға толық. Меймандардың тең жартысы ресейліктер. 20 пәтер бюросы бар. Ешқайсысында жалға берілетін пәтер қалмаған. Жылжымайтын мүлік нарығында жалға алу бағасы орта есеппен 20 пайызға көтерілді. Ал азық-түлік пен асхана, кафелердегі баға өзгерген жоқ. Бұның барлығы тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында», – дейді СҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Нұржан Садықов.

ШЕТЕЛДІКТЕР ШЕКАРАДАН ЕШ КЕДЕРГІСІЗ ӨТІП ЖАТЫР

Иығына ауыр сөмке асынған азаматтарды қаланың барлық аудандарында кездестіруге болады. Шаһардағы вокзалды бірнеше күннен бері паналап жүрген жолаушылар да бар. Әңгімеге тартып көрдік. Көбі сұхбат беруден қашады. 

 «Билет тапшы демесеңіз Қазақстанға еш қиындықсыз келдік. Мен азық-түлік өндірісі саласында жұмыс істеймін. Бұрыннан іссапар жоспарлап жүрген едім. Ресейдегі жағдай жоспарымды жеделдетті. Петропавлда көп аялдамаймын. Басқа қалаға кетемін», – Александр Крылов есімді ресейлік.

Ресейден келген азаматтардың тағы бірі – Александр Марков. Ол да шекараны еш кедергісіз кесіп өткенін айтты. Солтүстік Қазақстанда уақытша аялдамақ. Жас жігіт соғысқа барғысы келмейтінін жасырмады. Қолына қару алғанша өзге елде бас сауғалауды ұйғарған. 

«Петропавлда туыстарым тұрады. Біршама уақыт сол кісілердің үйінде боламын. Канадаға кету жоспарым бар. 29 қыркүйекке билет алып қойған болатынмын. Әзірге осындағы жағдайды көреміз. Билет алу қиын болды. 21 қыркүйектен бері ойланумен болдық. Кешке шешім қабылдап, жолға шығуға тура келді. Өзім Санкт-Петербург қаласынанмын. Пойызбен Самараға жеттім. Самарадан тағы да темір жол көлігімен Қазақстанға келдім. Жинаған қаражатым болды. Бәрін алып кеттім. Ресей шекарасында да Қазақстан шекарасында да бізді қатты тексерген жоқ», – дейді Александр Марков.

Сұхбат беруге келіскен санаулы жігіттердің бірі - Иван Васюков. Әзірге Қазақстан азаматтығын алуды жоспарлап жүрген жоқ. Өз еліндегі жағдай тұрақталғанша үйіне қайтпақ емес. Анасы Санкт-Петербург қаласында қалған. Адвокат мамандығын меңгерген. Әзірге онлайн режимде жұмыс істемек. Кейін қажет болса Қазақстанда жұмыс табылатынына үмітті.  

«Мен үйдегі жалғыз баламын. Анам ғана бар. Мобилизация жариялағаннан бері көз жасын тыймады. Әскерге шақырту келсе тығылу немесе соғысқа бару керек. Бірінші нұсқа жарамайды. Ол ешқайда шықпай үйде отырасың деген сөз. Жұмыс, достарың, айналысып жүрген сүйікті ісіңнің барлығы жайына қалады деген сөз. Анамның «хабар-ошарсыз кетті» немесе «қайтыс болды» деген хат алғанын қаламас едім. Қаншама достарым көктемде-ақ Ресейден кетіп қалған. Олар бүгінгі күнді алыстан болжады. Грузия, Финляндияда тұрып жатыр. Елден ақшасы барлар ғана кетіп жатыр. Арасында түрлі саланың мықты мамандары бар. Қазақстан тарапы ресейіліктердің келгенінен зиян шекпейді деп ойлаймын», - дейді Иван Васюков.

Бүгін әлеуметтік желілерде Ресейден келіп жатқан азаматтар Петропавлдағы коронавирустық стационар ғимаратына орналастырылғандығы жайында мәлімет тарады. Денсаулық сақтау басқармасы мұндай фактіні жоққа шығарды. Соңғы аптада облыс орталығындағы ауруханаларда 30-ға жуық ресей азаматы жедел медициналық көмек сұраған. Олардың барлығына дәрігерлік жәрдем көрсетілді.

Серіктес жаңалықтары