2023 жылы мектептер Рудный, Тобыл қалаларында және Заречное ауылында салынады
Қостанай облысында соңғы жылдары мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны көбейіп келеді. Жуырда өңірдегі Қарабалық ауданының Қарабалық ауылында оқу жылы қарсаңында жаңа мектеп есігін айқара ашты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жаңа мектеп бас-аяғы 320 оқушы орнына шақталып, тұрғызылған.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке көз жүгіртсек, заманауи талаптарға жауап беретін мектептің құрылысына шамамен 1,6 миллиард теңге жұмсалған көрінеді. Білім ордасының Қарабалық жерінде бой көтеруі балалар үшін де, педагогтар мен ата-аналар, жалпы ауыл тұрғындары үшін де көптен күткен қуаныш екені сөзсіз.
Заманауи стильде даярланған мектепте білім алушы өскелең ұрпаққа сапалы дәріс беру мәселесі де, олардың қауіпсіздігі де барынша назарға алынып, қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл мектепте білім алатын оқушылар үшін интерактивті жабдықтары бар кабинеттер, екі компьютерлік сынып ашылған. Бұл – қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім беру деңгейінде, техникалық жағында алшақтық болмауы үшін жасалып отырған қадам. Аталмыш кабинеттер өскелең ұрпақтың заманауи технологиялар тілін жетік меңгеріп, IT, инженерлік секілді мамандыққа ерте жастан қызығушылығын арттырмақ. Ал қажетті құрал-жадбықтары бар шеберханалар он саусағынан өнер тамған шеберлерді даярлап шықпақ.
Сол сияқты балалардың ой-өрісін, таным көкжиегін кеңейту үшін замануи жаңғыртылған кітапхана бар. Кітап қоры да жеткілікті. Бұл кітапханада елімізге, әлемге танымал ақын-жазушылардың, классиктердің туындыларын табуға болады. Ал толық жабдықталған асхана мен спорт залы оқушылардың денсаулығына жауапты болмақ.
Мұхамеджан Сералин атындағы жаңа мектептің тағы бір ерекше тұсы – балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқу мәселесіне де назар аударған. Осы мақсатта мектепке дейінгі білім беру стандартына сәйкес арнайы кіретін есігі бар, толық күндік 40 орындық жабдықталған шағын орталық ашылды. Осылайша Қарабалық ауылындағы 40 бүлдіршін мектепке даярлық орнынан өте алады.
Мемлекеттік тілде оқытатын білім ордасына ақын, жазушы әрі публицист Мұхамеджан Сералин есімі берілді. Белгілі тұлғаның есімі Қарабалық мектебіне берілуінің де өзіндік себебі бар. Мұхамеджан Сералин дәл осы Қарабалық ауданында туып-өсіп, өңірдегі 2 кластық орыс-татар мектебін бітірген. Жазушылығымен қатар публицистігімен қатар танылған ол жұрт арасында қазақ журналистикасының атасы деген атаумен де белгілі. Сералин өз шығармаларында Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларын қолдап, ғылым мен білімнің қанат қағуына өзіндік үлесін қосқан.
Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша өңірдегі мектептерді жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жалғасып жатыр. Мәселен биыл ауыл мектептерінің автобус паркі жаңа 30 автобуспен жабдықталатын болады. Ал оның ішінде біз қозғап отырған Қарабалық ауданындағы мектептерге жаңадан бес автобус беріледі.
Айта кетейік, Қостанай облысында соңғы жылдары қазақ тілінде дәріс беретін мектептер саны артып келеді. Өңірде бас-аяғы 490-нан аса мектеп бар, оларда 112 мыңнан астам оқушы оқиды. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны – 116. Яғни жалпы мектептердің 24%-ын мемлекеттік тілде оқытатын мектептер құрайды.
«Кейінгі жылдары Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын бес мектеп ашылды. Алдағы жылы мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша 22 топ пен мектеп алды даярлық сыныптарын ашу жоспарланып отыр. Мұнымен қатар, 15 мектепте 1-сынып пен бес колледжде мемлекеттік тілде оқыту топтарын ашу жоспарланып отыр», – деген еді Қостанай облысы Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова баспасөз жиындарының бірінде.
Ведомство басшысы 2023 жылы мектептер Рудный, Тобыл қалаларында және Заречное ауылында салынатынын хабарлады.