Петропавлда қайыңдар оталып жатыр: қала әкімдігі жағдайдан бейхабар
Әзірге бұл орынға қандай құрылыс жүретіні белгісіз
Петропавлда көпшілік «Лезхоз» деп атап кеткен аудандағы қайыңдар аяусыз оталуда. Бейресми мәліметке сәйкес аталған жер телімі сатылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Петропавлды Астана қаласымен жалғайтын күре жол бойындағы ағаштар оталуда. Әзірге бұл орынға қандай құрылыс жүретіні белгісіз. Ал қалалық әкімдік өкілдері бұл мәселенден бейхабар екенін жеткізді.
«Біздің облыстың көркі ақ қайыңдар. Өлкені тегіннен-тегін осылай айтпаған. Қандай адам осыған рұқсат берді екен? Обал! Жазығы сол адамға болсын. Облыс, қала басшысы қайда қарап отыр? Әлде қалталарына қомақты қаржы түсті ме екен? Жалпы облыстың шенді шекпенділерінің осындай әрекеттеріне біреу жауап береді ме? Осыдан 3-4 жыл бұрын үйімнің қасындағы, яғни №3 емхананың қасындағы орманды осылай отап тастаған еді. Қазір ол орынға қоқыс төгіледі. Ешкімге ештеңе қажет емес заман болды ғой», - дейді қала тұрғыны Таласбай Мұсабаев.
Мән-жайды анықтау мақсатында құзырлы органдарға ресми хат жолданды.