Қазақстанның жоғары оқу орындарына Ресей мен Украинадан қанша студент ауысып келді

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде университеттер өз мүмкіндігіні шегінде жұмыс істеп жатыр

elements.envato.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық жоғары оқу орындарында Ресей мен Украинадан келген қанша студенттің білім алып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Мамыр айынан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарына Ресейден 2500, Украинадан 34 студент ауысып келді», - деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы Саясат Нұрбек.

Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдік студенттерді қабылдауға дайын ба деген сауалға ол білім беру мекемелерінің қазір өз мүмкіндігі шегінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Біз басқа елдердің азаматтары үшін университеттерімізге түсуді шектей алмаймыз. Барлығы заң аясында қарастырылады. Дегенмен физикалық инфрақұрылым күрделі мәселе болып отыр. Біздің университеттеріміз бүгінде өз мүмкіндігіні шегінде жұмыс істеп жатыр», - деді С. Нұрбек.

Оның  айтуынша, студенттер ағыны көп болған жағдайда ведомство алқалы түрде шешім қабылдайды.

«Әзірге үлкен болжамдар жоқ. Бірақ егер университет кез келген шетел азаматын қабылдай алатын болса, ол университеттің шешімі болады. Біз қатаң түрде университеттердің өз мүмкіндігіне сүйенетін боламыз», - деді министр.