Оралда I республикалық моноспектакльдер фестивалі өтеді
Осыған орай 22 қыркүйек күні өңір басшысы Ғали Есқалиев Т.Жаманқұловты арнайы қабылдады
Жайық өңірінің жұртшылығы жақын күндері үлкен өнер байқауының куәгері болмақшы. Нақты айтар болсақ, 23-25 қыркүйек аралығында Оралда I республикалық моноспектакльдер фестивалі өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған байқау Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығына және театрға есімі берілген атақты актриса жерлесіміз Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орайластырылып отыр. Дүбірлі додаға Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған білікті қазылар алқасы төрелік етпек. Осыған орай 22 қыркүйек күні өңір басшысы Ғали Есқалиев Т.Жаманқұловты арнайы қабылдады.
Облыс әкімі Ақ Жайық топырағына табан тіреген театр саңлағына «Қош келдіңіз» айтып, театр және кино өнерінің еліміздің мәдени-рухани дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Әңгіме барысында Тұңғышбай Жаманқұлов елдік рух пен патриоттық сезім қалыптастырудағы отандық кинематография мен драматургия салаларының рөлі туралы ойын ортаға салды. Кездесу соңында Ғ.Есқалиев мәртебелі мейманға тарту-таралғы ұсынып, фестивалдің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, фестиваль аясында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қ.Бегмановтың «Менің Мұстафам» драма-диалогын, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театры «Медея» трагедиясын, Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры Д.Исабековтің «Актриса» драмасын, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ театры О.Бөкейдің «Қауіпті будан» монодрамасын, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры «Тегімді менің сұрама...» монодрамасын, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар обыстық қазақ музыка-драма театры Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын, Семей қалалық «Дариға-ай» жастар театры Ш.Айтматовтың «Ізде» шығармасын, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Шекспирдің «Гамлет» драмасын, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Ана мен Ала» драмасын, Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театры «Қуыршақ» психологиялық монопьесасын оралдық талғампаз театрсүйер қауымның назарына ұсынбақшы.