«AMANAT» жанындағы Экологиялық кеңесте қараусыз қалған кен орындарына тексеріс жүргізу ұсынылды
Бүгінде өңірлер эмиссия үшін салықтан түсетін түсімдерді 100% пайдалануға кірісті
«AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысында Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Елдос Абақанов қараусыз қалған барлық кен орындарына ғарыштық мониторингті пайдалана отырып тексеріс жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінде өңірлер эмиссия үшін салықтан түсетін түсімдерді 100% пайдалануға кірісті. Бұрын мұндай талап болған жоқ. Қаражат та мақсатты түрде жұмсалмады. Бір облыста келіп түскен қаражаттың 5%-ы, өзге облыста 10%-ы табиғатты қорғау шараларына жұмсалды. Қоршаған ортаны қорғауды қаржыландыру көлемі ұлғайды. Бұдан былай әкімдіктер бұл қаражатты орынды әрі тиімді жұмсауы тиіс. Қаражат тек экологиялық мәселелерге бағытталуы керек», – деп атап өтті Е.Абақанов.
Өз кезегінде, Кеңес мүшесі, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Ғани Ташқараев пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіргеннен кейін «кен орындарының басым көпшілігінде қайта қалпына келтіру жұмысы қолға алынбайтынын» жеткізді.
Сондай-ақ отырыс барысында партиялықтар бірқатар облыстық табиғи ресурстар басқармасының есебін тыңдады. Олар партияның сайлауалды уәделерін іске асыру бойынша аймақтық жол карталардың орындалуы жөнінде баяндады.
Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес орталық және жергілікті атқарушы органдарға арналған бірқатар ұсынымдар қабылдады. Атап айтқанда, қалалардағы әуе бассейндерінің жағдайын жақсарту, су ресурстарын ұтымды пайдалану және қалдықтарды қайта өңдеу жөнінде өңірлік жол карталарын өзектендіру.