$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да республикалық аламан айтыс өтті

Айтысты өткізуге мәдениет және өнер орталығы мұрындық болды

БҚО-да республикалық аламан айтыс өтті

Жайық жұртына есімі кеңінен танымал өлкетанушы, журналист, ақын Қайыржан Хасановтың туғанына 80 жыл толуына орай Оралда «Жырлайды Жайық...» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айтысты өткізуге белгілі ақын Бауыржан Халиолла басқаратын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мұрындық болды.

Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман жүргізді. Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, ақындарға сәттілік тілеп, Қ.Хасановтың жары Ырысты Хәкімқызына құрмет көрсетті.

Жыр бәйгесінде республикаға танымал Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Нұрмат Мансұров, Рүстем Қайыртайұлы, Біржан Байтуов, Шалқарбай Ізбасаров, Шұғайып Сезімхан, Абай Жолмағамбетов, Сырымбек Сәрсенбаев, Нұрбол Жауынбаев, Ардабек Ақбаба, Талғат Мықи, Айнабек Бисенғалиев, Бауыржан Ширмединұлы, Мейірман Шакенов, Райымбек Өтепов секілді 18 ақын бақ сынады. Олар өлкетанушының өлке тарихы үшін атқарған еңбегін жырға қосып, Батыс Алашорда, Ақжайық өңірі туралы орамды ойларын ортаға салды.

Іс-шара барысында ақын, әнші-термеші Жәкен Омаров, эпик жыршы, әнші, этномузыкатанушы Берік Жүсіпов жырдан шашу шашса, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан өлең шумақтарын оқыды.

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов басқарған қазылар алқасына жеңімпаз-жүлдегерлерді анықтау оңайға соқпады. Дегенмен, байқау болғасын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды анықтау міндет.

Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша айтыстың Бас жүлдесін Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы) иемденді. Жыр додасында І орын батысқазақстандық Талғат Мықиға, ІІ орын қызылордалық Мұхтар Ниязовға, алматылық Шұғайып Сезімханға және батысқазақстандық Райымбек Өтепове бұйырды. ІІІ орынды қостанайлық Айбек Қалиев, алматылық Рүстем Қайыртайұлы және ақтөбелік Нұрбол Жауынбайұлы жеңіп алды. Қ.Хасанов атындағы арнайы сыйлық Жансая Мусинаға табысталды. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Түркістаннан келген Біржан Байтуов арнайы сыйлық иегерлері атанды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Айтыс #БҚО