Рамзан Қадыров: «Мобилизациядан қашқандардың қайтар жолын мәңгілікке жауып тастау керек»
Ол Шешенстанда әскерге шақыру жоспары 254% артығымен орындалғанын айтты
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Ресей президенті Владимир Путин жариялаған жартылай мобилизация аясында ел тұрғындарын әскери қызметке шақыру тақырыбына арнап жиын өткізіп, ішінара мобилизацияға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Шешенстанда әскерге шақыру жоспары 254 пайызға артығымен орындалды. Мұндай көрсеткіштерге бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігінің жаңа бөлімшелерінің жасақталуы арқасында қол жеткізілді», - деп жазды Шешенстан басшысы өзінің Telegram-арнасында.
Қадыровтың айтуынша, әскери қызметке үміткерлердің бәрі комиссариат арқылы өткен.
Шешенстан басшысы республикада қажет болған жағдайда Ресей армиясының қатарын толықтыра алатын «мыңдаған еріктіден» тұратын резервтің болуы туралы да айтты.
«Тұрғындар мұндай мәселе туындауы мүмкін екенін білмей тұрғанда-ақ біз бәрін шешіп қойғанбыз. Сондықтан мен Шешенстан Республикасының халқын, оның ішінде, сүйікті және құрметті аналарымызды сабырлы болуға шақырамын», - деді Рамзан Қадыров.
Ол сондай-ақ мобилизациядан қашып, шекара жағалап кеткендер туралы пікір білдірді.
«Әншейінде «патриотпыз» деп ұрандатып, кеуде соғып жүріп, мобилизация кезінде Ресейден бас сауғалап қашқандар туралы айтар болсам, ондай қорқақ әрі оңбаған адамдардың елге қайтар жолын мәңгілікке жауып тастау керек», - деді Р. Қадыров.