Марафон-бәйгенің төрт күндік нәтижесі бойынша Маңғыстау облысының командасы алда
Кеше, 21 қыркүйекте «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының төртінші кезеңінде шабандоздар 400 шақырым межені басып өтіп, Ұлытау облысы Алғабас ауылдық округінде аялдады.
Марафон-бәйгенің алғашқы төрт күндік нәтижесі бойынша Маңғыстау облысының командасы әлі де алда келеді. Олардың жалпы уақыты – 36 сағат 52 минут. Ақтөбе облысының шабандоздары 37 сағатта екінші болып, Шымкент қаласының командасы 37 сағат 14 минут көрсеткішпен үшінші болып келе жатыр. Барлық командалардың көрсеткіші qazanat.com сайтында жарияланып, күн сайын жаңартылып отыр.
Жарыстың 400 шақырымдық межесін еңсеру командарлар үшін қиынға түсті. Төрт күн бұрын елордадан 19 команда аттанған болса, Ұлытау топырағына 11 команда жетті.
Маңғыстау, Ақтөбе мен Жетісу командалары толық құраммен келе жатыр. Ереже бойынша, жүлделі орынға ие болу үшін әр командада бес шабандоз болуы тиіс. Аттар жарамсыз болған не басқа да себепті жағдайда командаларға кемі үш шабандозбен жарысты жалғастыруға рұқсат етіледі.
Бес өңір – Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл, Абай, Қызылорда облыстарының құрама командаларында 4 шабандоз, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарының құрама командаларында 3 шабандоз қалды.
Осы орайда «The Great Steppe Tour» ұйымдастыру алқасының мүшесі Арман Абдоллаев жүлде қоры қалай бөлінетінін түсіндіріп берді.
«Ең алдымен, жаугершілік заманда көшпенділер ешқашан бір-бірін жолда қалдырмаған. Бұл марафон-бәйге де – жорық. Әр команда – кішігірім әскер. Сондықтан Ұлы Дала жорықшылары кемі 3 шабандоздан кем болмауы керек. Екі қатысушымен мәреге жеткен команда жорыққа емес, өзара екі дос сейіл құруға шыққан сияқты көрінеді. Сондықтан ережеде «кемі үш шабандоз болуы тиіс» деп көрсетілген. Ал жүлде қоры жеңімпаз команда мүшелеріне теңдей бөлінеді. Бірінші орынға 30 миллион теңге болса, әр команда мүшесіне 6 миллион теңге тиесілі. Жеңімпаз команда мәреге толық құраммен келмей-ақ жүлделі үш орынның бірін иеленген жағдайда, оларға тиесілі жүлде қоры белгіленген тәртіппен пропорционалды түрде азаяды. Артылған қаражат осы жорықта ерекше қырынан көрінген басқа қатысушыларға арнайы номинация аясында тағайындалады» деді ұйымдастырушы Арман Абдоллаев.
Дегенмен, ат құлағында ойнайтын сері жігіттер үшін жүлде қоры маңызды емес. Командалық есептен шығып қалса да, өздері мен тұлпарларын сынау үшін екі қарағандылық шабандоз жарысты жалғастыруға бел буған.
«Ер жігіт бір-ақ рет сөйлейді. Шешінген судан тайынбас дейді. Жарысты бастадық па, соңына дейін барамыз. Үш шабандоз атының болдырып қалуына байланысты жарыстан шығып қалды. Біздің атымыз жарап тұр. Ереже бойынша, жүлдеге тек құрамында кемі 3 шабандоздан тұратын команда ғана жүлдеге таласа алады. Біз үшін ақша маңызды емес. Атымызды сынағымыз келеді. Келесі жылы осы жоба жалғасын тапса, толық дайындықпен келеміз. 5 балам бар. Олар үйге келгенімді асыға күтіп отыр. Балаларыма үлгі болсам деп, осындай шешімге келдім. Алла қолдап, астымыздағы атымыз Жезқазғанға дейін шыдас берсе, әрі қарай межеге жететінімізге сенімдімін» дейді Қарағанды құрама командасының жетекшісі Асқар Мұқанов.
Жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбек жүйріктерін сынауға бел байлап, алған бетінен қайтпай отырған шабандоздар үшін арнайы ынталандыру сыйлықтары қарастырылатынын жеткізді.
«Олар өз тұлпарларының мықтылығын дәлелдеу үшін Түркістанға дейін баруға сұранып отыр. Мұндай аламан додада қазанаттар ғана емес, азаматтар да сынға түседі. Жүйріктер алғашқы 600 шақырымды басып өтіп, Жезқазғанға дейін жетсе, сол жерде бір рет ат ауыстыруға рұқсат береміз. Ал шабандоздар 1200 шақырымдық меженің соңына дейін жетуі тиіс. Біраз азаматтар командасы жарыстан шығып қалғанымен, марафонға ілесіп Түркістанға дейін баратынын айтты. Сондықтан жүлдеден дәметпестен жорықты жалғастыруды мақсат етіп отырған өр жігіттерге ынталандыру сыйлығын қарастырсақ дейміз» деген ол марафонды соңына дейін жеткізуге сұранып отырған қатысушылар Түркістанға дейін азық-түлік, ат-көлікпен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Оның айтуынша, марафон-бәйге басталғанда жалпы 95 ат жарыс жолына аттанған болса, олардың ішінен 43 жүйрік суырылып шықты.
«Алдағы екі күнде шабандоздар үшін қалған 200 шақырымды аман-есен еңсеріп, Жезқазғанға дейін жету – басты мақсат. Себебі олар жарыстың алтыншы күні кешке ат ауыстырады. Осы төрт күнде шабандоздар ұзақ қашықтықтағы ат жарыстың қыр-сырын енді түсініп жатыр. 600 шақырымнан соң тың аттарға отырса, нағыз шеберлікті сонда көрсетеді деп отырмыз» деді ол.
Төртінші күні марафон-бәйгенің қатысушыларына алғашқы ресми айыппұл салынды. Бас төреші Надежда Купцованың айтуынша, Ұлытау командасына мәреге белгіленген уақыттан кешігіп жеткені үшін айыппұл салынған.
«Ұлытау облысы командасы кешігіп келгендіктен регламент бойынша айыппұл есебінде 1 сағат қосылады. Ветеринарлық тексеріс жылқылардың жағдайы онша емес екенін көрсетті. Олардың белгіленген алты сағаттан көп жүріп, кешігіп жетуінің себебі де сол – аттары болдырып, аяңдап жүріп келген. Сол сияқты Қызылорда облысы командасының да жылқылары ентігіп, тамыр соғысы жиілеп тұр. Күнде алғашқы 50 шақырымнан соң аттарға екі сағаттық демалыс береміз. Сол уақыт ішінде тұлпарлардың аптығы басылуы тиіс. Бірақ кей шабандоздар бұған немқұрайлықпен қарап, тексерістен қайта өткізуге келмей, келесі 50 шақырымдық межеге аттанып кетті. Сондықтан бұдан былай талапты күшейтіп, қажет болса, айыппұл ретінде команданың межені бағындырған уақытына бір сағат қосып отырамыз» дейді Н.Купцова.
Бас төрешінің айтуынша, Астана – Ұлытау аралығындағы 600 шақырым шабандоздарға тың тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Бұдан әрі дода қыза түспек.
«Біз алғашқы 600 шақырымда қатысушыларға тәжірибе жинауға мүмкіндік бердік. Енді келесі 600 шақырымда тексерісті күшейтеміз. Өйткені бізге жылқылардың амандығы маңызды. Бәйгенің ережесі де, форматы да өзгеше. Сондықтан шабандоздарға мұндай алыс қашықтықтағы жарыста жылқыларды қалай суыту керек, қалай демін басып, тынықтыру керек деген мәселелер бойынша кеңес бердік. Осыдан соң аттардың жағдайы жақсарып келеді. Мәселен, бәйге атын мәреге жете сала бірден суаруға болмайды, бірақ ұзақ қашықтықтағы жарыс кезінде аттарды әр 25 шақырым сайын суарып отыру керек. Әр он шақырым сайын ауыз шайдырып отыруға болады. Дегенмен ат бабына қатысты қалыптасқан стереотип бір күнде өзгермейді ғой» деп түсіндірді бас төреші.
«Ұлы Дала Жорығы» қатысушылары төртінші күні ат басын тіреген Ұлытау жері – көшпелі мәдениеттің, дала өркениетінің бастауы саналатын тұс. Бұл орайда Ұлытау ауданы әкімдігі осы аумаққа орын тепкен шатырлы қалашыққа су мен шөп жеткізіп, қолғабыс етті.
Ұлытау ауданының үлкендігі сол, марафон-бәйге қатысушылары осы аудан жерінде түскі және кешкі уақытта бес рет тоқтайды.
Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмас Қайырбек аймақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыс жоспары барысын да айтып өтті.
«Кеше құрылтай кезінде Президент Тоқаевтың бастамасымен Ұлытау ауданы Әулитау етегінде мемлекеттік рәміздер ескерткішін орнату жоспарланғаны өздеріңізге мәлім. Қазір жобалау-сметалық құжаттар дайын. Жоба құрылысы келесі жылы басталады» деді Алмас Қайырбек.
Осы ауданнан шыққан танымал адамдар қатарында Камал Смайылов, Төрегелді Шарманов, Мұхтар Алтынбаев, Жүрсін Ерман есімдері бірінші аталады.
Ал бүгін, 22 қыркүйекте шабандоздар таң ата Алғабас ауылынан аттанып, бесінші кезең айналымына жолға шықты. Олар түс мезгілінде Алаша хан кесенесі маңына ат басын тіреп, арнайы Құран бағыштады.
Шабандоздар кешке дейін кезекті 100 шақырымды атпен басып өтіп, Жошы хан кесенесі маңына түнейді.