Аталған жайт бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр
Шымкентте патрульдік полиция полкінің қызметкері 120 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға кеше болған. Патрульдік полиция полкінің қызметкері қала аумағындағы жол-көлік оқиғасына қатысты азаматтан 120 мың теңге пара алу кезінде қолға түскен.
«Аталған жайт бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Шымкент қаласы полиция департаментінің тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, аталған бағыттағы мәселелер қатаң бақылауда екенін хабарлаймыз», - делінген хабарламада.