Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мал ұрлығы 7 пайызға азайды

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары өңір аумағында «Барымта» жедел алдын алу шарасын жүргізді

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мал ұрлығы 7 пайызға азайды. Бұл туралы ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Барымта» жедел алдын алу шарасын жүргізді. Соның барысында 500-ге жуық полицей және ветеринариялық бақылау қызметінің 42 маманы жұмылдырылған.

«Үш күн ішінде бұрын жасалған 5 мал ұрлығы анықталды. Арнайы тұраққа бей-берекет жайылған 600-ден астам мал қамалды. Сондай-ақ жоғалып кеткен 32 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды», - делінген ақпаратта.

Тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдаған және сатқан 22 адам ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес жауапқа тартылды. Жалпы жыл басынан бері қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста мал ұрлығы 7%-ға азайып отыр.