$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясында коммуналдық шаруашылық мәселелері талқыланды

Партиялықтар еліміздің жылу беру маусымына дайындығын да назардан тыс қалдырмады

«AMANAT» партиясында коммуналдық шаруашылық мәселелері талқыланды
Фото ашық дереккөзден

Электр энергиясына, жылуға және сумен жабдықтауға арналған тарифтердің өсуі қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салмауы тиіс. «AMANAT» жанындағы Энергетика комитетінің мүшелері осылай деп есептейді. Кезекті жиын барысында партия мүшелері коммуналдық кәсіпорындарды жаңғырту және алдағы жылыту маусымына дайындық барысын қарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Президент «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың ақпаратына сенсек, өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендету үшін 2035 жылға қарай жыл сайынғы инвестицияны үш есеге ұлғайту қажет.

«Қазіргі уақытта салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит 32 млрд теңге деңгейінде белгіленген, оны 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Сондай-ақ, инвестициялар ағынын қамтамасыз ету үшін электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін ағымдағы 590 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін арттыру қажет. Бұл жылына қосымша 60 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді. Оның үстіне электр энергиясына тарифті күшпен ұстап тұруға бағытталған қазіргі саясат инфляцияның өсуін толық шамада ескермеді, бұл саланың инвестициялық тартымдылығына да әсер етті. Осы тәсілді қайта қарау ұсынылады», - деді ол.

Алайда, Комитет төрағасы, «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бұл жерде мәселе тек жарық, жылу және су жеткізушілерге ғана емес, ең алдымен қатардағы тұтынушылардың мүдделері туралы болып отыр.

«Коммуналдық қызметтегілерге қысым жасауға жол бермеу керек. Тарифтерді бекіту кезінде инфляциямен қатар энергетиктерге төленетін жалақының да бірдей өсуін қамтамасыз еткен жөн. Себебі сала білікті мамандарынан айырылып қалуы мүмкін. Кросс-субсидиялаудан бас тартуға келетін болсақ, қазір тарифтердің өсетіні анық, тек ол адамдардың қалтасына көп салмақ салмайтындай болуы қажет», - деді халық қалаулысы.

Өз кезегінде ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Тимур Қосымбаев коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарау бойынша шешім әр өңірге қатысты жеке қабылданатынын айтты.

«Біз тұтынушылар мен монополистер арасындағы теңгерімге қол жеткізу саясатын жүргізіп жатырмыз. Экономикалық және әлеуметтік жағдайдың арасында тепе-теңдік болуы шарт. Монополистер өз табысын амортизация ретінде пайдаланып, оның басым бөлігін желілерді жөндеуге және жаңартуға бағыттауы керек. Жалпы, реформа бойынша тұрғындар төлейтін тарифтердің өсуі болжанып отыр. Бұл ретте уәкілетті орган олардың күрт немесе негізсіз өсуіне жол бермейді», - деп сендірді ол.

Сонымен қатар, партиялықтар еліміздің жылу беру маусымына дайындығын талқылады. Энергетика министрлігінің деректері бойынша, электр станцияларында 4 энергоблокта (44%), 32 қазандықта (53%), 26 турбинада (62%) жөндеу аяқталды. Ал 5 энергоблокта, 20 қазандық пен 13 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қоймалардағы көмір қоры 4,1 млн тоннаны және 82 мың тонна мазутты құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаға сәйкес келеді.

Жиын қорытындысы бойынша Комитет электр станциялары мен қазандықтарға және тұрғындардың қажеттіліктері үшін де көмір мен мазут жеткізуді тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау нысандарын жылумен жабдықтау жүйесіне уақтылы қосу мәселесін ерекше бақылауға алуға қаулы етті.

«Комитет коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тарифтік саясатты реформалау мәселелерін шешуді тұрақты бақылауда ұстап қана қоймай, өз құзыреті шеңберінде осы үшін қажетті тетіктерді, оның ішінде заңнамалық деңгейде әзірлеп, ұсынатын болады. Сонымен қатар, тұтынушылар қаражатының мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауды, монополистердің жауапкершілігін арттыруды, табиғи монополия саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет», - деп түйіндеді Дүйсенбай Тұрғанов.

Серіктес жаңалықтары