Коронавирус: Карантинге жабылған лайнердегі кейбір жолаушылар үйлеріне жіберіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Йокогама портында карантинге қойылған лайнерде 3700 жолаушы мен экипаж мүшелері бар

«Даймонд Принцесс» круиздік лайнердегі жолаушылардың барлығы бірдей тексерістен өтпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, 14 күндік карантин аяқталған соң, вирустың белгілері анықталмаған жолаушылар үйіне қайтарылады. CNN-ге сұқбат берген Жапонияның денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат вице-министрі Гаку Хасимото осылай деп отыр. Ал кейбір дереккөздер Жапонияның тексеріс жүргізетін құрылғылары санаулы екенін айтады. Үкімет қазір барлық жолаушыны тексерістен өткізуге қауқарсыз деген де болжам бар. Айта кетейік, Йокогама портында карантинге қойылған лайнерде 3700 жолаушы мен экипаж мүшелері бар.

«Мен бұл жерді керемет түрме дер едім. Төсекпен жабдықталған үлкен каюталар бар. Күні бойы бір орында отырмаймыз. Қылтимаға шығып тұрамыз. Ал астары күннен күнге дәмдірек болып барады. Мәзір үлкен болмаса да, тамақтары дәмді. Қызметкерлері өте жақсы. Бұл лайнердегі нағыз батыр – кондитер мырза. Ол жолаушылар коронавирустан гөрі шоколадтан мертіксін деген-ау», - дейді Флоридадан келген жолаушы Гэй Куртер.