Тұрғындардың айтуынша ауданның бүкіл қоқысы 4 жылдан бері осы жерге жеткізіледі
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғындары қоқыс алаңынан зардап шегіп отыр. Қолқаны қапқан қолаңса иіс тынысымызды тарылтты деген бұқара, алаңды көшіруді талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Жағымсыз иістен еркін тыныстау мүмкін емес. Тұрғындардың айтуынша ауданның бүкіл қоқысы 4 жылдан бері осы жерге жеткізіледі. Соның салдарынан ауру болатын түріміз бар дейді.
«Немереміз келді. Иістен ауырып, үстеріне жара шығып. Ауруханаға жатып, дәрі алып, ауылдарына кетті. Үйдегі көрпе-көрпешені шығарайық десек бөжек басып кетеді. Кене бүрге. Жазды күні далаға жата алмадық. Иісі жаман. Өлген сиырдың терісі де шығады», - дейді тұрғындардың бріі Сәнім Төлегенова.
Бұл маңда тұратын балалар да далаға ойнаудан қалған. Қоқыс алаңын көшіруді талап етіп, әкімдіктің табалдырығын тоздырдық дейді. Алайда, нәтижесін көре алмай отырғандарына ашулы.
Қоқыс алаңына айналған аумақ жеке кәсіпкерге тиесілі. Ол мұнда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеумен айналысады. Өзін санитарлық талаптарды сақтап отырмын деп есептейді. Қоқыс өңдеу нысанын көшіруге де қарсы емес. Алайда, әкімдік белгілеп берген жерде жайлы жағдай жасалмаған деп отыр.
«Нақты қашан көшетіндігін айта алмаймын. Жарық тартпаса біз ол жерге қалай көшеміз. Әкеп тастайды сол жерге. Өлекселер, памперстер әкеп тастайды, басқаларды да әкеп тастайды», - дейді жеке кәсіпкер Нұрлан Сәдуақасов.
Әкімдіктегілердің де қолдары байлаулы көрінеді. Жеке кәсіпкердің ісіне заң бойынша тосқауыл қоя алмаймыз деді. Тек жер берумен шектелуде.
«Бұл кісіге Жаңақорғанның шеткі аймағына орналастыру үшін біздің әкімдіктің тарапынан жер бөлуге тиісті көмектер берілді. Қазіргі кезде 1,5 гектар жер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге орын белгіленіп тұр. Алдағы уақытта инфрақұрылымын жүргізген жағдайда, келесі жылдың ішінде деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылға қарай көшірілетін болады», - деді Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсенбеков.
Бұған көпшілік сене қоймады. Неше әкім ауысса да түйткілдің түйінін тарқата алмаған жергілікті билікке бұқараның өкпесі қара қазандай. Жарық пен суды тартуға 30 млн тенге есептеп қойыпты. Бірақ ол қаражат қашан бөлінетінін белгісіз.