Оның құны шамамен 84 млн теңгеден асады
Алматы әуежайында Дубайға 3 келі алтын алып өтпек болған Қытай азаматы ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік жөніндегі бөлімшелері Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне бағалы металдарды заңсыз әкетуді жүзеге асырмақ болған қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті. Контрабанда мемлекеттік бақылауды айналып өтіп, көлік полициясының лауазымды тұлғаларына пара беру арқылы жүзеге асырылды», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Шұғыла тұрлыбектің айтуынша, Алматы қаласының халықаралық әуежайында Көліктегі полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкеріне кедендік және шекаралық бақылау аймағы арқылы «сәлемдемені» алып өтуі үшін 600 АҚШ доллары сомасында пара беру кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Жеке тексеру барысында одан 1200 АҚШ доллары тәркіленді.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде әуежай ғимаратында ҚХР азаматы ұсталды. Күдіктінің сыбайласы алтынды әуе арқылы Алматыдан Дубайға жеткізуі керек болған. Оның сөмкесінен полиция қызметкерлері салмағы 3 келі 200 грамм болатын алтын құймаларын тапты. Оның құны шамамен 84 млн теңгеден асады. Тергеу сотының санкциясымен қазақстандық күдіктінің тұрғылықты жері бойынша Алматыдағы коттедждердің бірінде тінту жүргізілді. Онда құймалардағы алтын мен металдың мөлшерін анықтайтын электрондық таразы мен арнайы құрылғылар тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамау туралы мәселе шешілуде. Тергеу қымбат металдың шығу көзін және қылмыстық топтың басқа да сыбайластарын анықтауда», - деді Шұғыла Тұрлыбек.