Бұдан бөлек, 13 орындық, 1 жарық бағанасы, гранит қоқыс жәшігі, екі камераның негізі қираған
Алматыда қала күніне орай өткен Gakku дауысы концертінің көрермендері 94 мыңға жуық гүлді жойды. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік мәліметінше, шығын сомасы 13 млн теңгеден асты – бір жылдық, көп жылдық бұталар мен гүлдер, оның ішінде қаланың жақын маңдағы гүлзарындағы раушандар жойылды. Барлығы 94 мыңға жуық гүл тапталып кеткен.
Бұдан бөлек, концерт өткен Алмалы ауданында 13 орындық, 1 жарық бағанасы, гранит қоқыс жәшігі, екі камераның негізі қираған.
«Алматы қаласының әкімдігі еліміздің мәдени орталығы болып табылатын мегаполистің тұрғындары мен қонақтарынан жасыл желектерге және гүлдерге ұқыпты қарауды, сондай-ақ қаланы абаттандыру мен көгалдандырумен айналысатын қызметкерлердің еңбегін құрметтеуді сұрайды. Келтірілген залал қала әкімдігінің күшімен қалпына келтіріледі-жаңа өсімдіктер қысқа мерзімде отырғызылады», - делінген хабарламада.