Ақтөбенің іргесіндегі ауыл тұрғындары газ желісіне қосыла алмай қиналып жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ауылды газбен қамтуға жауаптылар тағы да он күн күте тұруларын сұрап отыр

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбенің іргесіндегі Жаңақоныс-3 ауылының тұрғындары газ желісіне қосыла алмай қиналып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Бір жылдан астам уақыт бойы мәселені әкімдік пен мердігер мекеме өкілдері шеше алмай келеді. Ал өткен қыстан әрең шыққан ауылдықтардан, қазір тағы да маза кете бастаған. Себебі, көгілдір отынның берілу мерзімі қайта-қайта кейінге шегеріліп келеді. Жылуды күтуден шаршаған жұрттың кейбірі енді, алдағы маусымды қалада өткізбек. Мұсабаевтар отбасының бұл ауылға көшіп келгеніне 7 айдан асқан. Содан бері көгілдір отынды күтумен келеді. Ал газдың қашан берілетіні әзір белгісіз. Сондықтан «биыл да жылусыз қаламыз ба?» деген күдігі басым. Күз түскелі үйдің іші де суытып, немерелер жиі сырқаттанатын болған.   

 «Жаңақоныс – 3» ауылында алғашқы үйлер 2018 жылы пайда болған. Қазір жүздеген баспана бар. Бірақ, электр жарығынан басқа тұрғындар үшін жағдай жоқ. Ауыз суды да бірі ауласынан құдық қазып алып ішіп отырса, енді бірі қаладан немесе жақын маңдағы елді мекендерден тасиды. Ауыл ішінде көшелер болғанымен, тақтайдай тегіс жол да жоқ. Былтыр газ желісі жеткенде, тұрғындар қатты қуанған еді. Алайда, әлі іске қосылмай тұр. Тұрғындардың шағымынан соң ауылға келген жауаптылар да уәде беруден әрі аспаған.

Ауылды газ желісіне қосу үшін бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат қаралып, көгілдір отынды Қобда ауданына тартылған құбырдан алу жобаланған. Қазір қосу үшін желі бойы сынақтан өткізіліп, қосуға дайындық жүріп жатыр. Алайда, бұл жұмыстың да ұзап кетуінен тұрғындардың күдігі көбейген. 

 «Желтоқсанға дейін облыс әкімінің тапсырмасымен қосу керек болған. Бірақ  ол кезде мұнда тұрғындардың саны аз болды. Қобданың 1000-2000 учаскесін сөндіру қыстың күні қатып қалатын болған соң, ондай мүмкіншілік болмады. Бұл 9 километр магистралка. Бір күнде үрілетін нәрсе емес. Бір он күннің шамасында болу керек», - дейді қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Байтұрсын Өксікбаев.

Ауылды газбен қамтуға жауаптылар тағы да он күн күте тұруларын сұрап отыр. Ал, жол салу үшін бюджеттен қаражат қарастырылмақ. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары әзірге қиыршық тас төсеп береміз деп отыр.