Егер жылу қысқа дейін берілмесе, тұрғындар құрылыс компаниясымен соттаспақшы
Қызылжарда жаңа тұрғын үйдің иелері де биыл жылусыз қаламыз деп дабыл қағуда. Айтуларынша, баспананы бақандай екі жыл салған құрылысшы әлі күнге дейін оған жылу жүйелерін жүргізбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Кейбір тұрғындар амалдың жоқтығынан жартылай коммуникациясы жоқ үйде тұруға мәжбүр. Ал өңірде 4 күннен кейін жылыту маусымы басталады. Наргиз Жоламанова екі бөлмелі пәтерді 2020 жылы ипотекаға рәсімдеген. Айтуынша, құрылыс компаниясы тұрғын үйді бір жылдың ішінде салып бітіремін деп сендірген. Алайда, уәдесі сөз күйінде қалыпты. Тұрғындар көптен күткен баспананың кілтін жуырда ғана алған.
«Біз мамыр айында пәтер кілтін алған кезде құрылыс компаниясы жуық арада жылу құбырларын жүргіземіз деп уәде берген. Сондықтан тұрғындар өз үйлерінде ішкі жөндеу жұмыстарын қолға алды. Мен осы күнге дейін жөндеу жұмыстары мен жиһазға 5 миллион теңге жұмсадым. Қазір қыс түскен соң, мына дүниенің барлығы жарамсыз болып қалады. Бұл шығынды маған кім қайтарады?», - дейді қала тұрғыны Наргиз Жоламанова.
Бес қабатты тұрғын үйде 15 пәтер бар. Тұрғындардың 80 пайызы пәтерлерін жөндеп, қоныс тойын тойлауға дайын отыр. Бірақ, үйде жылудан басқа да кем-кетік әлі көп.
«Құжаттарымыз әлі дайын емес. Қазіргі уақытта құжаттарды дұрыстап жатырмыз. Бар құжаттарға ескерту берді. Ертең жоба корректировкадан шығады. Сосын смета жасалғаннан кейін келісімге жібереміз», - дейді құрылыс компаниясының директоры Әміржан Шәкей.
Қызылжарда жылыту маусымы жиырмасыншы қыркүйекте басталады. Алайда, бұл үйдің жылуға бірден қосылуы екі талай. Егер жылу қысқа дейін берілмесе, тұрғындар құрылыс компаниясымен соттаспақшы.