Конституцияға президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізуді ұсынамыз – депутат

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады

AMANAT фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, тиісті өзгерісті сайлауға дейін енгізу керек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Биыл 1-қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс айтты. Бұл бастама ел арасында, сарапшылар ортасында және әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Түрлі пікірлер туындады. «Президент бес жылға бір, сосын жеті жылға бір рет қайта сайлана ма?» деген сұрақтар да болмай қалған жоқ», - дейді ол қоғамдағы көңіл-күйді жеткізе отырып.

Депутаттың пікірінше, республика жұртшылығы бұл ұсынысты негізінен ізгілікті демократиялық қадам деп бағалады.

«Алайда жасыратыны жоқ, «бұл өзгерістер таяу мерзімде жүзеге аспайды» деушілер де болды. Күдік пен сенімнің тайталасы болғандықтан, Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді, ол жаңа үлгі бойынша, Президентті екінші мерзімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді. Сол себепті, Конституцияға Президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған мәселені құқықтық жолмен реттейді», - деді Әшімжан.

Депутаттың пікірінше, президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады. Өз кезегінде бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады.