ШҚО-да күдікті жеті адамға несие рәсімдеген

Автор: Azattyq Rýhy

Шығын көлемі 7 млн теңгеден асады

Алаяқ Зайсан ауданының тұрғындарын 7 миллион теңгеден астам сомаға алдап кеткен. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық ПД-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Зайсан аудандық полиция бөліміне ауданның екі тұрғыны өздеріне 2 270 000 теңге тауарлық несие рәсімдеген танысына шара қолдануды сұрап, жүгінген.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Зайсан қаласының 20 жастағы тұрғынын анықтап, ұстаған.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары қаскөйдің қармағына тағы бес адам түсіп қалғанын анықтаған. Нәтижесінде бойжеткеннің алаяқтық әрекетінен келген жалпы шығын көлемі 7 370 000 теңгені құраған.

Күдікті өз кінәсін толық мойындады және қазіргі уақытта оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.