«Нұрсұлтан Әбішұлы ренжімейді деп ойлаймын»: мәслихат депутаты елорда атауын өзгерту туралы

Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы Астана атауын беру мәселесі онлайн талқыланды

«Нұрсұлтан Әбішұлы ренжімейді деп ойлаймын»: мәслихат депутаты елорда атауын өзгерту туралы
Фото ашық дереккөзден

Елорда мәслихатының депутаттары онлайн-форматта қоғамдық талқылау өткізіп, Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы Астана атауын беру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Талқылауға келген Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері қала атауын қайтадан өзгерту туралы бастаманы толықтай қолдайтындарын айтты.

Мәселен, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев «Астана» әлемге танымал болған атау дейді.

«Шет мемлекеттерге жиі барамын. Сондай іс-сапарлар кезінде «Нұр-Сұлтан қаласынан келдім дегеннен гөрі, Астанадан келдім» деген әлдеқайда жақсы естіледі. Әрі оны көп елдер біледі», - дейді Кәрімбек Құрманәлиев.

Ал тарихшы Бүркітбай Аяған болса қаланың атын өзгерту зиялы қауым өкілдерінің тарапынан да қолдау тауып жатқанын жеткізді.

«Қоғам деген адам сияқты, бірде көңілді, бірде жаралы болуы мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, әуел баста Ақмоладан Астана болды, заманына Нұр-Сұлтан қаласы болып кеткен болатын. Тарих пен заман бір орында тұрмайды. Атақты Римнің де аты талай рет өзгерген, Германия астанасының аты да ауысып отырды», - дейді Бүркітбай Аяған.

Ол өзге әріптестері сияқты Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алған өзге білім ордалары мен мекемелерді атауы сол қалпына қалу керек.

«Кәрімбек әріптесім айтып кеткендей, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстаның тәуелсіздігі үшін зор еңбек сіңірген. Сондықтан, оқу орындарына, ғимараттарға берілген атауын жоймау керек. Ал елордаға Астана атауын қайтару қоғамды біріктіреді, өзге талаптарға сай келеді. Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы ренжімей, түсінеді деген ойлаймын», - деді тарихшы.

Кезегі келіп сөз алған айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы сөзін қысқа қайырып, былай деді:

«Елу жылда ел жаңа. Кез келген ғасырда жеке адамның тағдырынан гөрі мемлекеттің тағдыры қымбат болған. Тарихи жобалар да «Астана» атымен байланысты. Қаламгерлерден теріс пікір жоқ», - деді.

Мәслихат депутаттары мен қоғамдық талқылауға қатысқан азаматтар бірауыздан елорда атауын өзгертуді қолдап, тарасты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.