Нұр-Сұлтан қаласының атын Астана деп қайта атау туралы мәселе талқыланды
Нұр-Сұлтан қаласында ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Күн тәртібіне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының атын Астана деп қайта атау туралы мәселе талқыланды. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан бірнеше рет, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы елорданы Астана қаласы деп қайта атау туралы мәселе көтерген болатын.
Ономастика комиссиясының отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Мемлекет тарихы институты» РММ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Әбсеметов, педагогика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Т. Қышқашбаев, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас директоры Ербол Тілешов, Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, аталған ұсыныс жайлы оң көзқарастарын білдірді.
«Ономастика комиссиясының мүшелері елорданың атын өзгерту туралы ұсынысты қолдады», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз хабарламасында.