Мұхтар Тілеуберді әзірге мұндай мәселе көтерілмегенін айтты
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Арменияға қазақстандық бітімгерлік күштерінің жөнелтілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мұхтар Тілеуберді әзірге бітімгерлік күштерінің жөнелтілуі туралы мәселе көтерілмегенін, сондай-ақ Әзербайдан мен Армениядан екі түрлі ақпарат түсіп жатқанын айтты.
«Екі тараптан әртүрлі ақпарат жеткендіктен, бәріміздің шынайы ақпарат алғымыз келеді. Сондықтан мемлекет басшылары ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы оқиға орнына барып, сол жерде жағдайды толық бағамдап, содан кейін президенттерге хабарлауды ұйғарды», - деді Мұхтар Тілеуберді.
Ведомство басшысы Әзербайжан мен Армения арасындағы шекараның делимитацияланбағанын және демаркацияланбағанына тоқталды.
«Екі ел арасындағы шекараның делимитацияланбағанын және демаркацияланбағанын ескерсек, «шекара бұзылды» деп айту қиын. Сондықтан қазіргі бірінші міндет – армян-әзербайжан шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссияның жұмысын қайта бастау. Біз (Қазақстан) өз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Біз өз шекарамызды құрлықтың бүкіл периметрі бойынша, тіпті теңіз шекарасы бойынша демаркациялап алғандықтан, Ресейден өзге барлық мемлекетпен демаркация аяқталды деуге болады. Ресеймен демаркация жұмысына тағы 2-3 жыл кетуі мүмкін», - деді Мұхтар Тілеуберді.
Министр Армения-Әзербайжан шекарасына қазақстандық бітімгерлерді жіберу мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін тағы да баса айтты.