Украинада азат етілген жерлер қалпына келтіріліп жатыр - Владимир Зеленский

Автор: Azattyq Rýhy

Украина әскері өткен аптада елдің шығысы мен оңтүстігінде қарсы шабуылға көшіп, көптеген елдімекенді азат етті

Фото: ашық дереккөзден

Украина Ресей күштерінен азат еткен 4 мың шаршы шақырым жерді толығымен бақылауға алды. Бұл туралы осы елдің президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.  

Оның айтуынша, азат етілген мекендерде бейбіт өмірді қалпына келтіру шаралары қолға алынып жатыр. Мысалы, кей аудандардың тұрғындарына 5 айдан бері берілмеген зейнетақы төлене бастаған. Украина әскері өткен аптада елдің шығысы мен оңтүстігінде қарсы шабуылға көшіп, көптеген елдімекенді азат етті.

«Қазірге дейін жау қолынан азат етілген 4 мың шаршы шақырым жерде тұрақтандыру жұмыстары аяқталды. Дәл осындай аумақта шаралар әлі жалғасып жатыр. Бұл жерлерде басқыншы әскердің қалдықтары мен диверсиялық топтарын тұтқындау жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары қалпына келтіріліп жатыр», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.