Түркістан облысында мақта терімі басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір мақта бағасының 1 тоннасы 374 мың теңге

фото: www.gov.kz

Еліміздегі ақ мақтаны өсіретін бірден бір өңір - Түркістан облысында мақта терімі басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Биыл облыста мақта дақылының егіс көлемі 126,3 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 15 %. Шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,3 центнерден 333,4 мың тонна жиналады деп болжануда. Бүгінгі күнде Жетісай, Мақтаарал аудандарында жиын-терім жұмыстары қарқынды жүргізілуде», - деп көрсетті Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қолда бар 595 бірлік комбайндардың 92%-ы жиын терім жұмыстарына дайын.

Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының Индексіне сәйкес белгіленеді. Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізді.

Шитті мақтаны қабылдау үшін 18 мақта өңдеу зауытының 209 бірлік мақта қабылдау бекеттері жұмыстарын жүргізеді. Мемлекет тарапынан күзгі жиын терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май бөлінген.

Тегтер: