Бүгін түнде екі ел шекарасында басталған әскери қақтығыстан кейін Никол Пашинян ҰҚШҰ-дан көмек сұраған болатын
13 қыркүйекке қараған түні Әзірбайжан мен Армения арасында тағы да қарулы қақтығыс болды. Әскерилер арасында екі жақтан да шығын бар. Екі елдің қорғаныс министрліктері қарама-қайшы ақпарат таратып жатыр. Баку мен Ереван әдеттегідей бірін-бірі кінәлап мәлімдеме жасады. Әзербайжан билігі армян әскерін ауқымды арандатушылық жасады деп айыптаса, Арменияның қорғаныс министрлігі Әзербайжан Қарулы күштерінің артиллерия мен ұшқышсыз ұшақтары өз территориясын атқылай бастағанын мәлімдеді.
«13 қыркүйек сағат 00:05-тен бастап Әзербайжан қарулы күштерінің бөлімшелері Горис, Сотк және Жермук маңындағы армян әскеріне артиллериядан, ірі калибрлі атқыштардан атқылауды бастады», - делінген Ереван таратқан хабарламада.
Алдыңғы соғыста жеңіліске ұшыраған Армения премьер-министрі Никол Пашинян бұл жолы да шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Ресей президенті Владимир Путинмен, сондай-ақ Франция президенті Эммануэль Макронмен шиеленіскен жанжалды талқылады. Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Ресейден көмек сұрау туралы шешім қабылданған. Никол Пашинянның қалауы – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ – авт.) мүше елдерден әскер тарту. Қазақстан да ҰҚШҰ-на мүше және осы ұйымның әскери күшін алғаш рет Қаңтар оқиғасы кезінде пайдаланды. Өзгенің алдында «қарыз» болып қалған қазақ билігі Арменияға әскер жібере ала ма? Бауырлас ел – Әзербайжанға қарсы шыққан жағдайда оның соңы неге әкеліп соғуы мүмкім? Azattyq Ruhy тілшісі саясаттанушылар пікірін тыңдап көрген еді.
«ЕРЕВАННЫҢ ҰСЫНЫСЫН ҚАБЫЛДАСАҚ ЕШҚАШАН КЕШІРІЛМЕС КҮНӘ ЖАСАЙМЫЗ...»
Саясаттанушы Дос Көшім Әзербайжанның әрекетін құптайды және Қазақстан бұл қақтығысқа әскерін араластырмауы керек деп санайды. Оның пікірінше, Тоқаев билігіне дипломатиялық әдіске көшпей, көзқарасын ашық айтатын уақыт келді.
«Ереже бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің территориясына сырттан өзге жау басып кірсе ғана ҰҚШҰ әскері араласады. Егер Әзербайжан 1992 жылы айырылып қалған өз заңды жерін қайтарып алып жатса, Арменияға көмекке әскер бере алмаймыз. Егер Әзербайжан 1991 жылы анықтаған Арменияның жеріне басып кірсе, онда Пашинянның бізден әскер сұрауға құқығы бар.
Баку – Ереван қақтығысына Қазақстан араласпады, көзқарасын ашық білдірмеді. Біз бұл жағдайда Әзербайжанды қолдайтынымыз белгілі. Оның әрекеті заңды. Әзербайжанды біз ғана емес, дүниежүзілік саяси қауымдастық қолдап отыр. Олар кезінде айрылып қалған тарихи жерлерін қайтарып жатыр. Егер біз Ереванға әскер жіберсек, еш кешірілмес қылмысқа барғанымыз. Түркі халықтарының алдында да қарабет боламыз. Біз туыс халықпыз, арамызға сызат түсірмеуіміз керек», - деді саясаттанушы.
Ресей жарты жылдан астам уақыт Украинамен соғысып келеді. Қос мемлекеттің әскері бір-бірімен қиян-кескі ұрыстар жүргізіп жатыр. Әскери шығынның көлемі де әлі анықталған жоқ. Пашинян сонда да Ресейден ресми түрде көмек сұрады. Әлемдік аренада беделі түсіп, санкцияның астында қалған Ресей Никол Пашинянға көмек қолын соза ала ма? Дос Көшімнің пікірінше, бұл ұсыныс Путин үшін ұтымды сәт болмақ.
«Жыланды үш кессең де кесірткедей қауқары болады» деген. Ресейдің әскери күші Украинадан үш есе жоғары. Путин Арменияға көмек беруге ниетті. ҰҚШҰ әскерін кезекті рет пайдаланып қалғысы келеді. Кейін осы ұйымның әскерін Украинаға қарсы қолданғысы келеді. Қазақстан билігі бұл соғыста қай елді жақтайтыны жайындағы көзқарасын ашық білдіруі керек. Алдын ала айтылса, тіптен жақсы болар еді. Менің ойымша, біздің билік 2014 жылы-ақ Украина-Ресей шиеленісіне ашық көзқарасын білдіруі тиіс еді, бірақ кешіктік. Бізде принцип болған жоқ. Әділетті-әділетсіздігіне баға беретін сәт болады. Осы екі ұстанымды мемлекет ашық көрсетпесе, түркі бірлігі деген мақсаттан да айрыламыз», - деді Дос Көшім.
«КІМ БІЗГЕ ЖАҚЫН ДЕГЕН СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫН ІЗДЕМЕУІМІЗ КЕРЕК...»
Армения премьер-министрі көмек сұраса да, ұйымға мүше елдер алдымен бейбіт алаң ұсынып, ұрысқа әскер жібермеудің жолын қарастырады дейді саясаттанушы Әділ Кәукенов.
«Әзербайжан мен Армения қақтығысы – өте қиын, ондаған жылға созылған текетірес. Бұл тұрғыда Қазақстанның ұстанымы айқын, яғни осы аймақтағы соғысты тоқтату. 90-жылдары болған қақтығыста да Қазақстан бейбітшілікті сақтау үшін үлкен күш жұмсағаны есімде. Соғысты жылдам тоқтатуды мәлімдеп, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдады. Бүгінгі күні де Қазақстанның ұстанымы өзгерген жоқ. Өкінішке қарай, қазір де әскери қимылдардың белсенділігі артты. Бұл жерде Қазақстанның екі мемлекетпен де байланысы жоғары екенін естен шығармау керек.
Егер Арменияның аумағына Әзербайжан шабуыл жасаса, әрине, Никол Пашинянның көмек сұрауға қақысы бар. Таулы Қарабақ қақтығысы бойынша әскер сұрай алмайды. ҰҚШҰ елдері шиеленіскен қос мемлекеттің басшыларын бір үстелдің басында келісімге келуге күш жұмсайды. Біз бұл ұйымға мүше үлкен ойыншылардың бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл аумақта Ресейдің бітімгершілік әскері бар екенін де естен шығармаған жөн. Сондықтан ұйымға мүше елдерден әскер шығарудың қаншалықты қажет екені ойландыратын сұрақ. Біз Әзербайжанмен мәдени, саяси, экономикалық тығыз байланыстамыз. Армениямен де достық қатынастамыз. Бұл жерде біз екі мемлекетпен де өте сақ, бейтарап ұстанымда болғанымыз дұрыс. Қайсы бізге жақын деген сұрақтың жауабын іздемеуіміз керек. Сондықтан Қазақстан оларға келісім алаңын ұсыну жағын қарастырғаны тиімді», - деді Әділ Кәукенов.