Алматыдағы «Алтын орда» мен «Барлық» базарлары жабыла ма

Автор: Azattyq Rýhy

Қала әкімі Ерболат Досаев оңтүстік астананың даму жоспары туралы айтты

Алматы қаласы Мәслихатының ХXV сессиясы барысында қала әкімі Ерболат Досаев оңтүстік астананың даму жоспарын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мегаполис басшысының айтуынша, 2030 жылға қарай Алматыда бес жаңа полиорталық пайда болмақ.

Экспресс К басылымының жазуынша, Мәслихат сессиясында әкімдік өкілдері жоспарды құру кезінде Токио, Лондон сияқты әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесіне сүйенгендерін жеткізді. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін Алматыда бес жаңа полиорталық пайда болады. Бұған қала бюджетінен 6,1 триллион теңге қарастырылған. Әкімнің айтуынша, бұл қаражаттың 55 пайызын жеке инвесторлар бөледі.

«Жоспарға сәйкес, Жетісу және Түрксіб аудандарынан базарлар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар қала сыртына көшіріледі. Ал олардың орнына жаңа ықшамаудандар мен демалыс орындары салынады. Ал Құлжа трактінің бойында жоғары жылдамдықта жүретін автобус желілері іске қосылады. Сондай-ақ саябақ салу жоспарлануда. Боралдайда Алматы-3 теміржол вокзалы салынса, Алматы-2 бекетінен Қонаевқа электр пойызы қатынайды», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ сессия барысында әйгілі «Алтын Орда» базарының болашағы туралы да айтылды. Мамандардың айтуынша, қаланың бас жоспарына сәйкес, базар көтерме сауда орталығына айналады. Ал «Барлық» базарының орнына метро станциялары, жүрдек автобус желілері мен теміржол вокзалы болады.