Ұлттық компания тапсырысымен салынып жатқан көпірдің жалпы құны 9,1 миллиард теңге
Жоспар бойынша ұзындығы 4 шақырымға созылатын көпір жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне жол бойындағы меншік иелері кедергі келтіріп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
8 жолақты жолдың жалпы ұзындығы 3 шақырым 859 метрді құрайды. Алматы-Бішкек күре жолына шыққан көліктерді кедергісіз өткізуі тиіс көпірдің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Жұмыстың баяу жүруіне дәл қазіргі сәтте 2 жанармай құю бекеті кедергі болып тұр. Нысан қожайындары мемлекеттің берген өтемақысын азсынып келеді. Қос тарап осы уақытқа дейін үш рет соттасса да мәселе шешілмеген.
«Құрылыс жұмыстарына 2 автожанармай құю станциясы кедергі болып тұр. Автожанармай құю станциясының иесі берілетін өтемақы көлемімен келіспеуде. Осыған байланысты, бұл мәселе бойынша 3 рет сот талқылауы өтті. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатыр, кедергі келтірген нысандарды сатып алу жергілікті биліктің құзырында», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.
Ұлттық компанияның тапсырысымен салынып жатқан көпірдің жалпы құны 9,1 миллиард теңге. Аталған жоба аясында 2 жолайрық, 1 көпір, жаяу жүрушілерге арналған 3 жерүсті өткелі және әр бағытқа 5 автожолақтан салу қарастырылған. Құрылыстың қарқын алмауына тағы бір себеп бар: конструкциясының басым бөлігі арматура арқылы бетоннан құйылады, ал мұндай жұмыстар ұзақ уақытты алады.
«Күрделі жөндеу нысаны автокөлік құралдарының көп жүретін жол телімінде орналасқан. Оған қоса, баламалы айналма жолдардың жоқтығы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне кері әсер етеді. Тәуліктің күндізгі уақытында автокөлік құралдары қозғалысының көптігіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылып, негізгі жұмыстар түнде істелінеді», - деді ұлттық компанияның өкілдері.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.