Елордада әйел адам Канада азаматын тонап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ұрлаған картадан 5 мың канадалық долларды жұмсаған

Фото ашық дереккөзден

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Сарыарқа ауданының полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен Алматы қаласының 37 жастағы тұрғынын ұстады. Бұл туралы Azattyq Ruhy полицияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияға 31 жастағы Канада азаматы бейтаныс әйелмен кездескеннен кейін Signature «ROYAL BANK KANADA» несие картасының жоғалып кеткені туралы арыз берді.

Ер адамның жақында елордаға жұмысқа орналасу үшін келгені анықталды. Оның айтуынша, бұрын ол «Tinder» қосымшасы арқылы қызбен танысып, Нұр-Сұлтанда кездесу туралы келіскен.  Кездесу барысында екеуі кештерін кафеде өткізіп, содан кейін қонақүйде кездесулерін жалғастырған. Әйел банк картасын білдіртпей ұрлап, ер адаммен қоштасып, қашып кеткен.

Шетелдік азамат картасының жоғалғанын келесі күні, банктің мобильді қосымшасына транзакциялар жасалағаны туралы хабарлама келе бастағанда ғана байқаған. Картасын бұғаттағаннан кейін ол полицияға жүгінген.

«СОО-да сауда жасау кезінде, әйел ұрланған картадан 5 мың канадалық долларды жұмсағаны белгілі болды. 

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді, бағалы заттар мен ақшалай қаражатты қараусыз қалдырмауды ескертеді», - делінген полиция хабарламасында.