Жекежай қожайындары тұтынған судың ақшасын қайтармай отыр
«Алматы су» мемлекеттік мекемесінің мамандары, әсіресе, Алатаудың етегіне жайғасқан байлардың берешегі көп дейді. Тіптен трактор мен техникасын апарып, су құбрын бітеп тастаса да, тұрғындар іле-шала құбырды қайта жалғап алатын көрінеді. «Алматы су» МКК басшылары бұдан былай берешегін қайтармайтын байларға су беруді бірден тоқтатамыз деп отыр.
Қарызын қайтарғысы келмейтіндердің бірі - Медеу ауданында орналасқан зәулім үйдің иесі Бақыт Отарбаев.
Мамандар бұл үйдің қожайыны 401 мың теңге қарыз дейді. Алматыда суық судың әр текшеметрі 50 теңге. Яғни аумағы атшаптырым, таудың етегінен орын тепкен зәулім үйдің иесі 8 мың текше метрден аса ауыз суды пайдаланғанымен, оның ақысын төлемеген.
«Көбінесе ауқатты адамдар осылай төлемейді. Ал, қарапайым халық уақытында, әр айдың 25-не дейін беріп отырады. Біз халықты бөлмейміз. Басты мақсатымыз - қарызды өндіру. Өшіріп кетсек те кейбірі қайта қосылып алады. Оны реттеу біз үшін қосымша қаражатты қажет етеді. Амал жоқ, қарыз көлемі үлкен болған соң техникамен келіп, құбырды жабамыз», - деді «Алматы су» МКК баспасөз қызметінің жетекшісі Ақбота Жылысова.
Тас жолдың ортасындағы құдық арқылы судың жолын бітеп жүрген жұмысшылар Отарбаевтың үйіне заңсыз қосылған қосымша кәріз жолын да тауып алды. Қулығына құрық бойламайтын қожайын енді мекеме алдында жауап береді.
«Оңдасынов 95 мекен-жайы бойынша заңсыз кәріз құбырына қосылу жүргізілген. Оған қоса бұл үйдің қарызы 400 мың теңгеден асады. 4-5 жыл бойы төленбеген. Байлар заң талаптарына бағынғысы келмейді», - деді «Алматы су» МКК инженері Қуаныш Табылдиев.
Қаладағы тұрғындар мен кәсіпорындардың тек суық су бойынша берешегі 411 миллион теңгеден асып кеткен. Сотқа дебиторлық берешек бойынша 196 миллион теңгені өндіру бойынша арыз жолданған. Жеке сот орындаушыларда 94 миллион теңгені өндіру ісі жатыр.
Коммуналдық ақыны даулап жүрген мамандар, Алматыда 1812 тұрғын үй иесі ешқандай рұқсат құжатынсыз-ақ таза су тұтынып келгенін анықтапты.
Суды сұраусыз пайдаланып келгендердің тағы бірі - көлік жуу орталығының иесі. Кәсіпкер 10 мың текше метр суға машина мен кілем жуып, қыруар пайда тапқанымен, ақысын төлегісі жоқ. Кәсіпкер берешегі 771 мың тегеден асса да суды емін-еркін пайдаланып, табыс табуды тоқтатар емес. Амалы таусылған "Алматы су" мекемесіндегілер Медеу ауданындағы он шақты ауқатты адамның қарызын жариялады. Жақын арада жағдай оңалмаса, барлық борышкердің былығын жайып салмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы