Баянауылда екі жерде дала өрті болды

Автор: Azattyq Rýhy

Өрттің жалпы ауданы 40 гектарды құрады

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысы Баянауыл ауданында екі жерде дала өрті орын алды. Тілсіз жау Сәтбаев ауылдық округі мен Жаңажол ауылдық округіне қарасты жерлерді шарпыды. Бұл туралы Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәлімдеуінше, өрт туралы хабарлама сағат 13:35-те түскен. Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Шоқтау учаскесінде (110 км) құрғақ шөп жанған.

Дала өртін сөндірумен Сәтбаев ауылының өрт сөндіру бекеті және ерікті өрт сөндіру құрылымының 30 адамы жұмылдырылған.

«Сонымен қатар Жаңажол ауылдық округінде Жаңажол ауылының маңында Тасбұлақ, Бүркітті, Қажыгелді учаскелерінде де құрғақ шөп өртенді. Тілсіз жау туралы 12:14-те хабар келіп түсті. Өрттің жалпы ауданы 40 гектарды құрады», - делінген хабарламада.

Дала өртін сөндіруге Павлодар облысы ТЖД-нің 4 қызметкері мен 1 техникасы, Жаңажол ауылының ерікті өрт құрамасынан 40 адам жұмылдырылды. Өрт сағат 17:20-да сөндірілді.